Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде Қазақстан халқы тілдерінің ХVIII облыстық фестивалінің ашылуы өтті

Мерекелік жиынды бастамас бұрын өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов аудандардағы тіл меңгеру мәселесін сұрастырып білді. Бұдан соң өңіріміздің кішкентай тұрғындары қонақтарға дайындаған шағын бағдарламаларын ұсынды.

Кейін аймақ басшысы солтүстікқазақстандықтарды Тілдер мерекесімен құттықтап, өңірімізде мемлекеттік тілдің дамуының қарқын алып келетіндігін атап өтті.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Тілдер мерекесі құтты болсын. Қазір өңірімізде ана тілінде білім алатын қазақ балаларының саны артып, 67%-дан асып отыр. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілінің 300-ге жуығы қазақ тілді мектептерде оқып жатыр.

Сондай-ақ, шара барысында бірқатар азаматтарды өңір жетекшісі мемлекеттік тілді дамытуға және тіл саясатын насихаттауға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды.

Алғыс хатқа ие болғандардың қатарында 25 жасар Федор Смирнов та бар. ЕС-164/6 мекемесінің бақылаушысы әріптестерімен, достарымен қазақ тілінде тілінде сөйлеседі екен. Мемлекеттік тілді ол бала кезден жетік меңгеріпті.

Федор Смирнов – ЕС-164/6 мекемесінің бақылаушысы:

– Қазақ ауылында тудым. Қазақ балаларымен араласып, дос болдым. Олардан қазақ тілін үйрендім. Қазір бұл білімімді жетілдіріп отырамын. Осындай шараларға мен түрлі курстарға қатысып тұрамын.

Бұдан бөлек, өңір басшысы Ерік Сұлтанов фестиваль жеңімпаздарын бірнеше аталымдар бойынша марапаттады. Мәселен, жиналған жұртшылық бұл күні Есіл ауданын «Қазақстан халқы тілдерін белсенді насихаттаушы аудан» ретінде таныды. Бүгінде Есіл ауданында 10 ұлт өкілі тұрады екен.

Жеңіс Кемелов – Есіл ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:


–  Биыл ауданымызда ағылшын кабинеті бар. Мұнда кез келген адам келіп шет тілін тегін меңгере алады. Бастысы жас шектеуі жоқ. Қазір ол кабинеттің тұрақты 17 келушісі бар.

Фестивальдің ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты

Асылтас Айсина:


–  Шешен биін біз ұжымымызбен бірге бір жылға жуық дайындадық. Негізі осындай фестивальдерге қатысу арқылы біз өзге ұлт өкілдерінің мәдениетімен жақын танысамыз ғой.

Алла Пимонова:


–  Біздің “Мрия” ұжымына – 11 жыл. Біз тек украин халқының әндерін орындаймыз. Негізі менің ұлтым – орыс. Бірақ, украинша ән салған өзіме ұнайды. Бүгін тамаша мереке өтіп жатыр. Сондықтан, Қазақ елінде
тұрып жатқан барлық этностарды атаулы күнмен құттықтаймын. Бірлігіміз бен берекеміз арта берсін.

Айгерим Ержанова