Қоғам

Ақ жаулықты аналар жас қыздармен кездесіп, ақыл-кеңестерімен бөлісті

Ақ жаулықты ана бүгінгі жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керек дейді. Әрбір ата-ана өз баласына ерте жастан үлкенді сыйлауды, жаман жолмен жүрмеуді үйретсе ұл ұлықты, қыз қылықты болып өспек.

Сапура Тәшенова – “Күміс алқа” белгісінің иегері:


–  Әуелде Алла тағала қыз баланы бастық бол, қызмет істе деп жаратқан жоқ. Алдымен бізді ардақты ана бол, сәби тәрбиеле деп жаратты. Сондықтан, бүгінгі қыздар әдепті болып өсулері тиіс.

Бүгінгі шара республикалық “Ақ орамал” акциясы аясында өтуде. Оған қатысуға көп балалы аналар мен 10-нан аса жас қыздар келген.

Виталий Шеминг – “СҚО бойынша “Жас Отан” қоры” корпоративтік қоры директорының орынбасары:

– Бүгінгі жиында ақжаулықты аналар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөліседі. Жас қыздарға ұлттық құндылықтарды айтып, салт-дәстүр төңірегінде әңгіме өрбітеді. Осы сынды шараларды алдағы уақытта да өткіземіз.

Жиында жастар жағы үлкендерге сұрақтарын жаудырды. Мәселен, болашақ жарды қалай таңдау керек, бала тәрбиесінде не нәрсеге ерекше көңіл бөлген жөн және отбасыны қалай сақтап қалу керек?
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың студенті Мадина Рахметоваға мұндай өнеге мен өсиетке толы жиындар жиі ұйымдастырылып тұрса дейді.

Мадина Рахметова – студент:

 


–  Қазіргі күні отбасын құрған жастар тіл табыса алмауы салдарынан айырылысып жатады. Олардың арттарында балалар қалады. Бүгінгі жиында ақжаулық аналардың отбасы тақырыбында айтқан ақыл-кеңестері өте жақсы болды.

Жас қыздар үшін бүгінгі кездесудің қызықты болғаны соншалық, жиын аяқталғаннан кейін де ақ жаулықты аналарды қаумалап, кеңестерін сұрап жатты.

Байболат  Култанов