Бизнес және экономика

Жыл басынан бері М.Жұмабаев ауданында прокурорлар кәсіпкерлердің 36 өтінішін қараған

Соңғы 2 жылдың ішінде сапаржайға тұрғындардан түсетін ақша мүлде азайыпты. Өйткені, ауданда көлденең табыс табатын заңсыз такси қызметкерлері көбейген. Олар жолаушыларды автовокзал маңынан жинап алып, келіскен бағаға діттеген жерге жеткізіп отырыпты.

Татьяна Коняева – Булаев қаласы автовокзалының директоры, М.Жұмабаев ауданы:


–  Соңғы жылдары бір автобус 3-4 адамнан тасымалдап жүрді. Бұрындары 20 тұрғын қалаға қатынайтын. Жолаушылардың аздығынан біз шығынға ұшырадық. Өйткені, автовокзалға келген адамдарды заңсыз такси қызметкерлері көліктеріне мінгізіп алып кетеді. Осы мәселені шешу үшін Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына өтініш білдіріп едім, олар маған көмектесті. Бүгінде сапаржайдың табысы артты.

Іскер азаматтардан түскен шағымдар Кәсіпкерлер палатасының жергілікті бөлімшесінде өткен жылы ашылған “Прокурор кабинетінде” қаралады. Жыл басынан бері аудандық қадағалау орган өкілдеріне 36 өтініш жолданыпты.

Нұржанат Шаримов – СҚО Кәсiпкерлер палатасы М. Жұмабаев аудандық филиалының директоры:

– Былтыр біз прокурорлармен бірлесе отыра 23 өтінішті қарадық. Биыл олардың саны артты. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы бизнесмендерге көмектесуге дайын. Алдағы уақытта да қадағалаушы орган өкілдерімен әріптестікті арттырып, бірлесе қызмет етеміз.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокурорлардың басты назарында. Олар ауданда жыл басынан бері іскер азамттардың өтініштері бойынша 4 тексеріс жүргізген.

Арман Нұртазин – М. Жұмабаев ауданының прокуроры:


–  Алдымен тұрғындардың шағымдарын бақылаушы орган өкілдері қарайды. Одан кейін барып іске прокурорлар араласады. Біз арнайы топ құрып, барлығын жіті тексереміз. Егер де заңбұзушылық анықталса, ықпал ету актісін енгіземіз.

Наталья Хлоповская да өз мәселесін прокурорлардың араласуының арқасында шешкен. Былтыр “Надежда-Север” серіктестігіне аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы 4 миллион теңгеден аса айыппұл салыпты. Алайда, істі қайта қарау үшін нәзік жанды қадағалаушы орган өкілдеріне шағымданған екен.

Наталья Хлоповская – “Надежда-Север” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:


–  Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы бізге орта бизнес субъектісі ретінде айыппұл салды. Алайда, “Надежда-Север” серіктестігі кіші бизнес субъектісі болып табылады. Осыны ескерген прокуратура қызметкерлері істі қайта сотқа тапсырды. Нәтижесінде бастапқыдағыдай 4 миллион теңге емес, 31 мың теңге төлейтін болдық.

Айта кетейік, бүгінде өңірде Кәсіпкерлер палатасының әр аудандық филиалында “Прокурор кабинеті” жұмыс істейді.

 

Байболат Құлтанов