Құқық қорғау органдары

Петропавлда «Мықты отбасы – қуатты мемлекет кепілі» атты конференция өтті

Бақытжан Сәмиева – СҚО Iскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Полицейлер тек қана жұмыс істемейді. Олардың отбасы бар. Балалары бар. Бір-бірінен үлгі алу керек. Жақсы отбасыдан үлгі алу керек. Бүгін жақсы жанұяларды көрсетеміз.

Сондай үлгілі отбасылардың бірі – Махаббат пен Сәбит Шәйкеновтердің жанұясы. Олардың отасқандарына 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Ішкі істер органдарында қызмет ететін ерлі-зайыптылар бүгіндері екі бала тәрбиелеп отыр. Құқық қорғау қызметі қатаң тәртіпті талап ететіндіктен отбасы мүшелері де оған үйренісіп кеткен.

Сәбит Шәйкенов – СҚО ІІД жол-патрульдік полициясы батальонының полицейі:

– Таңертең тұрамыз. Мектепке, балақбақшаға жиналамыз. Сосын ең алдымен мектепке, кейін балабақшаға барып, сосын жұбайымыз екеуміз жұмысқа келеміз. Сосын жұмыстан соң балаларды алып үйге барамыз.

Махаббат Шәйкенова – СҚО ІІД процессинг орталығының технигі:

– Біз жұбайымыздың ата-анасымен тұрамыз. Сол кісілер баланы бағуда көп көмектеседі. Егер біз мектеп пен балабақшаға үлгермей жатсақ, балаларды атасы мен әжесі алып кетеді.

Жиын барысында сөз алғандар полицейлердің тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, әр жанұяның тыныштығын қорғайтындығын айтты. Сондықтан, отбасы мен барша елдің тыныш өмірін қамтамасыз етіп отырған бұл жандарға қандай құрмет көрсетсең де артық етпейді.

Виктор Букреев – СҚО ІІД бастығының орынбасары:

– Елбасының жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі елімізде Отбасы күні болып белгіленген. Дәстүрді, мәдениетті сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде жанұяның алар орны ерекше. Ал полиция қызметкері болғандықтан көпшілік біздерді отбасына көңіл бөле бермейді деп ойлайды. Бірақ, ол – қате пікір. Әрине, жұмыстың қиындығына байланысты көп жағдайда үйде бола бермесек те бала тәрбиесіне ерекше назар аударамыз.

Жиында қызметте адал әрі үлгілі отбасын құра білген тәртіп сақшыларына арнайы алғыс хаттар табысталды.

Ал сахна төріне жайғасқан отбасылар көпшілікке өздерінің жанұялары жайлы баяндап, бастан өткерген қызықты оқиғаларымен бөлісті.

 

Магжан Ахмадина