МТРА жаңалықтары

“Зенченко и К” КС сүт зауыты Қорған қаласына аптасына 3 рет өз өнімін экспорттайды

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры:

– Біз тауарымызды Қорғанға сәуір айында тасымалдауды бастадық. Ол кезде 800-900 келі өнім жөнелтетінбіз. Қазір 3 тоннаға дейін жетті. Қорғанда “Петрополис” деген үлкен дүкен бар, сонда 11 нүктеде біздің тауар сатылады. Ресейліктер өнімімізге үлкен қызығушылық тудыруда.

Тауарлар көрші елге тасымалданғаннан бері зауыт екі бірдей жүк көлігін сатып алған. Сәйкесінше қос жаңа жұмыс орны пайда болды. Евгений Полулященконың мұнда еңбек етіп жүргеніне екі-ақ ай болыпты. Осы аралықта ол Қорғанға үш рет тауар апарып келген. 5 сағаттық жолды еңсеру қиын емес, тек шекарада көліктер кезекте ұзақ тұрады дейді жүргізуші.

Евгений Полулященко – “Зенченко и К” КС сүт зауытының көлік жүргізуші:

– Жол алыс болғанымен бару қиын емес. Тек шекарада кезегіңді ұзақ күтесің. Тауардың барлық құжаттары дұрыс рәсімделген. Кеденде ол жағынан мәселелер туындамайды. Тауарды бір күннің ішінде түсіреміз де келесі күні үйге қайтамыз.

“Зенченко и К” КС сүт зауытының алдағы жоспары ауқымды. Мұндағылар жаңа қондырғыны іске қосып, ультрапастерленген сүт өнімін қолға алмақ. Оның сақтау мерзімі 20 тәулікке дейін болады.

 

Риат Шони