Білім

Жаңа оқу жылында “әл-Фараби” мектеп лицейінің табалдырығын 48 оқушы алғаш аттады

Қаз-қатар тізілген оқушылар қолдарына құшақ-құшақ гүлдерін алып қобалжып тұр. Жүздері бал-бұл жайнаған ұл-қыздарды және олардың ата-аналары мен педагогтарды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, балаларға оқуда озат болуларын тіледі.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі Білім күні мектеп табалдырығын аттаған әр оқушыға, әсіресе, білім ошағына жаңа қадам басқан бүлдіршіндерге қадамдарыңызға гүл бітсін деймін. Ата-аналарыңның үмітін ақтаңдар.

Бұдан соң Анархан Дүйсенова “Менің Отаным – Қазақстан” атты кітаптарды мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыларға табыс етті. әл-Фараби мектеп-лицейіне биыл бірінші сыныпқа 48 балғын келіп отыр. Солардың қатарында Ералы Қайырбай да бар.

Ералы Қайырбай – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің 1-сынып оқушысы:

– Мен мектепке келгенімен қуаныштымын. Сабағымды жақсы оқып, ұшқыш атанғым келеді.

Жалпы “әл-Фараби” мектеп-лицейінде бүгінде 450 бала оқиды. Оларға 45 білікті педагог білім береді. 80 пайызы – жоғары санаттағы ұстаздар.

Күлімкөз Смаилова – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің директоры:

 

– Біздің мектебімізде математика-жаратылыстану бағыты тереңдетіліп оқытылады. Материалдық техникалық базамыз толық. Ұстаздар да білкті.

Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламамен аяқталып, бір-бірін мерекемен құттықтаған оқушылар жаңа оқу жылында озат болуларын тілесіп тарқасты.

Риат Шони