Білім

Новоишим қазақ орта мектебі қолданысқа берілді

Әсіресе, арқасына сөмке асынған балақайлар білім ұясының ішін көруге асықты. Жаңа оқу жылында мектептің табалдырығын алғаш рет 35 бүлдіршін аттағалы отыр. Елге елеулі, халқына қалаулы ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеген ақ жаулықты Мәриям Тасмағанбетова мерекеге шашуын ала келіпті. Әжейдің кіші немересі мектеп табалдырығын алғаш аттап жатса, үлкен немересі 11-сыныпқа көшкен.

Мәриям Тасмағанбетова – Новоишим ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:


– Бүкіл аудан халқы осы мектептің ашылуын асыға күткен еді. Енді мұнда көрші ауылдың балалары да келіп сапалы білім алуға мүмкіндік туды.

Халықтың қуанышымен бірге ортақтасар сәтке өңір жетекшісі құр алақан келмеді. Мектепке су жаңа “Газель” автокөлігін сыйға тарту етті.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Терең білім тәуелсіздігіміздің тірегі. Ақыл-ой, азатығымыздың алдаспаны деген Президент жастарды елдің білімді, саналы азаматы болуына шақырады. Елімізде өткен 25 жылда білім саласына қолдау ерекше.

200 жатын орны бар 400 орындық мектеп-интернаттың құрылысына “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 1 млрд 600 млн теңге жұмсалды. Кәрі мен жас көптен күткен нысанды “Альфа – Север” құрылыс компаниясы тұрғызды. Білім күніне орай өңір жетекшісі 1-сынып оқушыларына Елбасы атынан “Менің Отаным – Қазақстан” кітабы мен сыйлықтар табыс етті. Тәуелсіздік жылдарында білім жүйесінде жеткен жетістігіміз аз емес. 25 жылдың ішінде өңірімізде 27 мектеп салынды. Бүгінде оның қатары тағы бір жаңа ғимаратпен толықты. Новоишим қазақ орта мектебінің қолданысқа берілуінің арқасында аймағымызда үш ауысымыда оқыту мәселесі түбегейлі шешілді.

Сәрсенкүл Сүйесінова – Новоишим қазақ орта мектебінің директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:

– Мектебімізде балалар таза қазақ тілінде білім алады. 11-сыныпқа дейін. 27 класс комплекті. 51 мұғалім еңбек етеді.

Міне, толқынысқа толы сәт жетіп, нысанның таспасы қиылды. Жаңа нысанды ашу құрметі облыс әкімі, мердігер компания басшысы мен үздік оқушы Алия Иманбаеваға берілді.

Биыл осы білім ошағының табалдырығын алғаш аттаған 35 бүлдіршінді мұғалімдер жаңа стандарт бойынша оқытпақ. Яғни, 1-сыныптың оқыту бағдарламасына орыс және ағылшын тілдері де енгізіліп отыр. 400 орындық мектептің материалдық-техникалық базасы мығым. Оқушылардың ізденісін арттыру үшін кітапхананың бір бұрышында компьютерлер бар. Мұнымен қатар физика, химия, биология, информатика кабинеттері соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақталған. Оқушыларға 51 мұғалім сабақ береді. Көп маманның еңбек өтілі жоғары. Өңір жетекшісі барлық кабинеттерді көріп, 200 жатын орны бар жатақханаға бағыт алды. Мұнда да тиісті жағадайлар жасалған. Сондай-ақ, мектеп-интернат жанында 75 бүлдіршінге арналған шағын орталық бар. Аймақ басшысына ауладағы монша мен ойын алаңдары да көрсетілді. Жоғарыда аталған нысандардың барлығы 8 мың 830 шаршы метрді құрайтын аумақта орналасқан. Биыл ел тәуелсіздігіне ширек ғасырға толуына орай мектеп жанындағы аллеяға 25 түп қарағай көшеті отырғызылды.

Берік Қасен