Өнеркәсіп

Биыл «Қазтехмаш» машина жасау зауыты» ЖШС 28 комбайн жасап шығарды

30 еңбеккер мұнда күн сайын техниканы жасауға ат салысады. Солардың бірі – Ерболат Нұғыманов. Ол зауыт ашылған алғашқы күннен бастап осында жұмыс істейді.

Ерболат Нұғыманов – «Қазтехмаш»машина жасау зауыты» ЖШС қызметкері:

– Бізде жасалған техника үнемі тексерістен өтеді. Сапаға ерекше назар аударамыз.

Қазір зауытта жұмыстың нақ қызған шағы. Бүгіндері мұнда жасалған техника тексеруден өтуде. Жалпы жыл басталғалы кәсіпорын 28 комбайн құрастырып шығарған. Соның 15-і сатылып, олардың қызығын алқаптарда егін орып жүрген диқандар көруде.

Сәбит Шәкенов- «Қазтехмаш»машина жасау зауыты» ЖШС бас директоры:


–  Біздің комбайындар 67 млн теңге тұрады. Тағы қосымша құрылғылар да алуға болады. Қазір машинаны “Казагрофинанс” арқылы лизингке алу мәселелері қарастырылып жатыр.

“Сампо Азия” комбайындары өзінің қолжетімді бағасы, жақсы сапасымен ғана емес, тағы жұмыс істеуімен де шаруалар үшін ыңғайлы болып отыр. Жаңаның аты жаңа. Дегенмен де, техника болғасын сынбай тұрмайды. Ал осы ретте серіктестіктегілер дереу көмек көрсетуге әзір.

Сәбит Шәкенов – «Қазтехмаш»машина жасау зауыты» ЖШС бас директоры:

 


–  Кемшіліктер орын алса, оларды уақытылы түзетеміз. Шаруалар үнемі хабарласып кеңес алады.

Тағы жыл басынан зауытта 60-қа жуық жем-шөп әзірлеуге қажетті техника да жасалынған. Қазір оларды да саудаға шығару мәселелері қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта кәсіпорын машиналарды құрастыруға қажетті бөлшектерді де өзімізде жасауды қолға алмақ.

Магжан Ахмадина