Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Қазақстанның үздік тауары” өңірлік көрме-байқауы өтті

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– Биыл “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік көрме-байқауына 40-тан астам кәсіпорын қатысуда. Бұл өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы мен тауарға деген сұраныстың артып келе жатқандығын көрсетеді.

Кондитер және ет өнімдері, нан-тоқаш. Мына жерде халық күнделікті тұтынатын азық-түліктердің бірнеше ассортименті жайылған. Мұнда адам ағзасына пайдалы бөдененің еті мен жұмыртқасын да кездестірдік.

Андрей Дмитриев – жеке кәсіпкер, Тайынша ауданы:

– Бұл іспен айналысқанымызға 4 жылдың жүзі болды. Бөдененің жұмыртқасын Петропавл мен Көкшетау қалаларында сатамыз. Сұраныс өте жоғары. Сондықтан, қазіргі 5 мың бөдененің басын екі есеге көбейтпекшіміз. Жақында мемлекеттен 3 млн теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алдым. Ол қаражатқа жаңа цех тұрғызып, Ресейден қондырғылар алмақшымыз.

Мұнда қазақтың қолданбалы ұлттық қолөнеріне де орын берілген. Домбыра, жетіген, астау, кебеже, сандық. Барлығы – 50 шақты аспап, ыдыстың 8-ге тарта түрін шебер Жандос Мәдиқажыұлы өз қолымен жасапты. Бұйымдардың жиынтығы 30 мың теңгеден аспайды. Шебер биыл жасаған адырнасын жұртшылық назарына ұсынды.

Жандос Мәдиқажыұлы, “Мадиғаж” ЖК жетекшісі, Ақжар ауданы:

– Ұлттық өнермен айналысып жатқаныма 4 жыл болды. Шүкір, тұрғындар менің туындымды ұнатып алып жатыр. Алдағы уақытта тағы бір шағын шеберхана ашсам ба деймін.

“Қазақстанның үздік тауары” өңірлік көрме-байқауына 40-тан астам кәсіпорын қатысты. Бірақ, олардың ішінен тек үшеуі ғана топ жарды. “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар” номинациясында мұнай, тау-кен саласына қажетті бұрғылау қондырғыларын шығаратын Петропавлдағы Көп бейінді жабдықтар зауыты жеңімпаз атанды, ал “Тұрғындар үшін үздік тауар” аталымында 1-ші дәрежелі дипломға сапалы тұрмыстық жиһаз жасайтын “Левин” ЖК-гі ие болды. Және соңғы – “Азық-түлік мақсаттағы тауарлар” номинациясында басты жүлдеге «VIZAVI COMPANY» ЖШС-гі лайық деп танылды. Жоғарыда аталған кәсіпорын өкілдері өнімдерін Астанада өтетін “Қазақстанның үздік тауары” республикалық көрме-байқауына шығаруға жолдама алды.

Берік Қасен