Қоғам

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де Конституция күніне арналған дөңгелек үстел жиыны өтті

Оңдасын Әшімов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

– Конституцияны құру барысында 30-ға жуық ұсыныстар қарастырылған болатын. Оның негізінде Ата Заңға мыңнан астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Басты құжат талаптарының бірі – ол елімізде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерін кемсітпеу, олардың тіліне, діні мен діліне нұқсан келтірмеу.

Заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда республика азаматтарының Ата Заңымызды қабылдауы еліміз үшін маңызды қадам болды дейді. Соның арқасында қазақстандықтар өзінің құқықтарына ие бола алды.

Гүлбақша Мұсабаева – М.Қозыбаева атындағы СҚМУ құқық пәндері кафедрасының доценті:

– Ол уақытта мен 25 жастағы жас маман болатынмын. Осы Конституцияның арқасында екі жоғары білім алдым. Диссертация қорғап, көптеген қоғамдық жұмыстарды атқардым.

Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын Негізгі құжат – Конституция. Олай болса Ата Заңды аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Осы орайда жергілікті жоғары оқу орны студенттерінің пікірлері де бір жерден шықты.

Салтанат Ибраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Еліміздің еңсесін тіктеп ұстауда Конституцияның атқарар рөлі өте зор. Ата Заңды қабылдау – ол тарихи оқиға. Оны білу – әрбір қазақстандықтың парызы.

Жиында Конституция – тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі екендігі жайлы да пікірлер айтылды.

 

Айгерим Ержанова