Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Қызылжар су” ЖШС жөндеу жұмыстарына 300 млн. теңгеден астам қаражат бағыттауда

Ербол Нәбиев – “Қызылжар су” ЖШС су тарту кешенiнiң жетекшiсi:

– Бұл станцияда технологиялық құрылғылар толығымен автоматтандырылады. Яғни, адамның басқаруын қажет етпейді. Жұмыстарды атқаруға 29,5 млн теңге қаражат бағытталды. Тың қондырғылар электр энергиясын 30 пайызға үнемдейді.

Жалпы инвестициялық бағдарлама аясында серіктестік 2 кәріздік сорғы станциясына күрделі жөндеу жасаған. Ал 6-уында қондырғыларын алмастырыпты. Барлығы – кәсіпорынға тиесілі 19 кәріздік сорғы станциясы түрлі жөндеуден өтеді деп жоспарланған.

Ал мынау – Солтүстік-Шығыс коллекторы. Серіктестіктегілер бұл жерде жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп ойламапты да. 90-шы жылдары қолданысқа берілген құбырлар 100-120 пайызға тозған. Сол себепті, оларды жедел түрде ауыстыру қажет болған. Бұл жұмыстарға кәсіпорын өз қаражатынан 50 млн теңге бағыттап отыр.

– Солтүстік-Шығыс коллекторында бұрындары диаметрі 800 мм болатын темір-бетонды құбырлар орнатылған болатын. Олар 20 жылдан астам уақыт бойы қалтқысыз қызмет етіп, істен шықты. Енді оларды заманауи полиэтиленді құбырларға алмастырып жатыр. Мамандардың айтуынша олар 50 жылдан астам уақыт бойы қызмет етеді.

Коллектордың жалпы ұзындығы – 3 шақырым. Оның тек 1,5-ы ғана бүлінген екен. Енді барлық жұмыстар осы аптаның соңында аяқталмақ.
Оңтүстік қысымды кәріздік коллекторда да жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоба “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында қаржыландырылуда. Бұл жерде “Максимум” ЖШС 30 адамы еңбектенуде. Жұмысқа маусымда білек сыбана кіріскен мердігер компания барлығын бір айдан кейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Арман Сауытов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Коллектордың ұзындығы 5 шақырым 58 метр. Құбырлардың диаметрі 900 мм. Бұл участокқа 792 млн теңге бөлінді. Бүгінде оның 80 пайызы толығымен игерілді. Сонымен қатар диаметрі 800 мм болатын су тартқыштар ауыстырылады.

Келесі аялдаған жер екінші көтерілімдегі сорғы станциясы болды. Мұнда инвестициялық бағдарлама аясында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл нысан 69-шы жылы қолданысқа берілген екен. Қазір мұнда қуаттылығы 800 кВт болатын электр қозғалтқыштары бар 6 сорғы агрегат жұмыс істеп тұр. Энергия үнемдеу мақсатында қондырғылардың үшеуі алмастырылмақшы. Жоба құны – 382 млн теңге.

Нәтижесінде қуаттылық 550 кВт-қа дейін төмендегімен, өндіріс көлемі еш өзгермейді. Мұның арқасында кәсіпорын жылына 10 млн теңге үнемдемек. Баспасөз турының соңында БАҚ өкілдеріне кәсіпорын басшылығы инвестициялық бағдарлама аясында сатып алынған үш су жаңа машинаны көрсетті. Оларға 20 млн теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Бүгінде серіктестіктің техникалық паркінде бүгінде 88 бірлік техника бар.

 

Риат Шони