Гүлмира Кәрімова – Петропавл қаласы бiлiм бөлiмiнiң басшысы:
– Бүгінде бізде балабақша мәселесі өзекті болып тұр. Былтыр 970 орынға шақталған 2 мектепке дейінгі білім беру нысаны қолданысқа берілді. Ал, осы жылы “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында 650 орынға арналған 2 балабақша ашылады.
Жиында қалалық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Гүлмира Кәрімова өткен жылғы ҰБТ қорытындысын баяндады. Сынаққа қатысқан 6 мыңға жуық түлектің жалпы көрсеткіші 82,11% құраған. Ал, “Алтын белгіге” үміткер болған мектеп бітірушілердің 91 пайызы өз білімдерін дәлелдеп, төс белгіге қол жеткізіпті.
Гүлмира Кәрімова – Петропавл қаласы бiлiм бөлiмiнiң басшысы:
– Биылғы ҰБТ 562 оқушы қатысты. Түлектердің 12 пайызы 50 баллды ала алмады. Келер жылы бұл көрсеткішті азайтамыз деп ойлаймын. Ұстаздардың алдында маңызды сынаққа оқушыларды дайындап, үздік жетістікке жету міндеті тұр.
Тамыз кеңесінде сондай-ақ, үш тілді білім беру жүйесі жайлы сөз қозғалды. Қазіргі 21-ші ғасыр тікелей ғылыммен байланысты. Сондықтан, білікті мамандардың санын арттыру қажет. Ол үшін мектептегі пәндерді оқушыларға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қатар оқытқан дұрыс дейді “БЭСТ” гимназиясының директоры Надежда Заиченко. Елімізде қолға алынғалы отырған бұл жаңашылдық әзірге, кезең-кезеңімен 4 жылдың ішінде жүзеге асырылады.
Надежда Заиченко – “БЭСТ” гимназиясының директоры:
– Менің ойымша, балаларға ағылшын тілін 5 жастан үйрету қажет. Алдымен оларды тұрмыста қолданылатын сөздермен таныстырған жөн. Мен шетелде көп болдым. Сонда байқағаным, әлем тұрғындарының көбі ағылшын тілін үйренуге асығады. Ал, біздің елде қазақ және орыс тілдерін білген жөн. Көп кешікпей бұл қатарға ағылшын тілін қосу қажет деп ойлаймын.
Ал, «Әл-Фараби» мектеп-лицейі директорының орынбасары Зәуреш Жиентаева конференцияға Елбасының “Мәңгілік ел” ұлттық идеясы жайлы баяндама әзірлепті. Білікті ұстаз Президентіміздің қазақстандықтарға арнаған ұлт жоспарындағы 8 құндылыққа ерекше тоқталған. Аталған мектеп-лицейінде ұлттық идеяны жүзеге асыру ісі оң жолға қойылған.
Зәуреш Жиентаева – «Әл-Фараби» мектеп-лицейі директорының орынбасары:
– Жастарға ұлттық құндылықтарымызды үйрету қажетпіз. Біздің мектепте оқушылар өңірімдегі белігіл адамдармен кездеседі. Олардың ақыл-кеңестерін тыңдайды.
Конференцияда қала әкімі Марат Тасмағанбетов биыл шаһардағы білім беру нысандарында жүргізілген жөндеу жұмыстарын тілге тиек етті.
Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:
– 2016 жылы қаламыздағы 27 білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған жергілікті қазынадан 295 млн теңге бөлінді. Бұл былтырғыдан 4 есе көп ақша. Ал, мектептерге оқу әдістемелік кешендер мен кітаптарлы сатып алу үшін 134 млн теңге жұмсалды.
Жиын соңында қалалық білім беру саласының үздік қызметкерлері облыс және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Ал, шаһардағы 3 мектепке компьютерлер табыс етілді.
Култанов Байболат