Білім

Петропавлда психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде 50-ге жуық бала ем-дом алуда

5 жасар Данил Поповтың сөйлеу қабілеті жетілмеген және эмоциялық, интеллектуалдық дамуында кемістіктер бар екен. Осы оңалту орталығында білікті мамандар Данилмен 3 ай бойы жұмыс жасап, қазір жеткіншек алғаш рет балабақшаға баруға дайындық үстінде.

Елена Попова – Данилдың анасы:

– Түзету орталығының білікті мамандарымен жұмыс жасаған уақыттан бері баламның сөйлеу, ойлау қабілеті дами бастады. Қазіргі сәтте баламның сөздік қоры молайды. Өзі киіне алады. Бұрын жиі ашуланатын, өзін балалармен ұстай алмайтын. Ал, қазір психикалық тұрғыда қалыпты.

Оңалту орталығында 8 маман жұмыс істейді. Олар: дефектолог, логопед, педагог-психолог, сурдопедагог және емдік шынықтыру мұғалімі. Мұндағы бөлмелердің барлығы арнайы құралдармен жабдықталған.

Валентина Гирц – Петропавл қаласы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті меңгерушісінің міндетін атқарушысы:

– Бұл жерде 7 жасқа дейінгі сөйлеу қабілеті бұзылған, эмоциялық және интеллектуалдық дамуындағы кемістіктері бар, яғни, мүмкіндіктері шектеулі балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Дамуында ауытқушылығы бар балалар осы түзету орталығында күніне 3 жарым сағат жеке оңалту бағдарламасынан өтеді.

Бүгінгі таңда облыс орталығында психологиялық-педагогикалық түзету орталығының көмегіне мұқтаж мектеп жасына дейінгі 215 бала бар.

 

Тогжан Акмагамбетова