Білім

Өңірде кешенді тестілеуді қайта тапсырғандардың 20 пайызы шектік ұпайды жинай алмады

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаева атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Кешенді тестілеуге ҰБТ-дан өтпегендер немесе оны мүлдем тапсырмаған оқушылар және кешенді тесті өтпегендер мен оған келмегендер қатысты. Жалпы сынақ тапсырған 511 адамның 414-і шектік 50 ұпайды жинай алды. Қазір олар университетке қабылданып жатыр. Науқан екінші корпуста ұйымдастырылды.

Фариза Алимбаева кешенді тестілеуді тек екінші мүмкіндігінде тапсыра алыпты. 25 жастағы нәзік жанды М.Жұмабаев атындағы гумманитарлық колледжін 2013-ші жылы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғашқы сынақтан сүрінген Фариза, жаз бойы мектеп бағдарламасын қайталап, тестілеуден сәтті өтіпті.

Фариза Алимбаева – абитуриент:

– Мен кешенді тестілеуді қайта тапсырып 60 ұпай жинадым. Енді университетте оқуға мүмкіндік алып отырмын. Қуаныштымын.

Ер кезегі үшке дейін дегендей кешенді тестілеуден өтуге жылына абитуриенттерге үш мәрте мүмкіндік беріледі.

– Бір емес екі рет кешенді тестілеуден сүрінген абитуриенттер университетке қабылдана береді. Бірақ, алғашқы семестрге ғана. Осы уақыт аралығында олар өз білімдерін шыңдап келесі кешенді тестілеуге дайындалады. Егерде сынақтан үшінші мәрте сүрінсе, онда университеттен шығарылады.

Қазіргі уақытта сынақтан екі рет сүрінсе де университетке қабылданғандардың саны 10-нан астам. Олар тестілеуді қаңтар айында тапсыратын болады. Жалпы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-е ел бойынша 366 грант бөлініпті. Оның басым көпшілігі, педагогика, ауылшаруашылығы мен техникалық мамандықтарға беріліпті.

 

Риат Шони