Спорт

Петропавлда халықаралық “Спорт күні” қарсаңында құқық қорғаушылар қашықтыққа жүгірді

Рақымбек Қазыбаев мұндай жарыстарға талай мәрте қатысыпты. Бүгінгі шара арқылы жас полицей Олимпиада ойындарында бақ сынап жатқан отандастарымызды қолдамақ ниетте.

Рақымбек Қазыбаев – Петропавл қалалық ІІБ полицей-айдауылшысы:

– Мұндай жарыстарға үнемі қатысып отырамын. Салауатты өмір салтын ұстану қажет. Және біз олимпиада ойындарына қатысып жатқан отандастарымызды қолдаймыз. Олардың бәріне алтын медальмен оралуларын тілеймін.

Сонымен жарыс басталды. Халықаралық “Спорт күні” қарсаңында ұйымдастырылған сынға 100-ге жуық полицей қатысуда. Олар сайыс ережесі бойынша 2 шақырым 400 метрден тұратын президенттік қашықтыққа жүгірулері тиіс.

Виктор Букреев – СҚО ІІД бастығының орынбасары:

 


–  Бүгінгі жарысымыз Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен мұқит асып сынға түсіп жатқан отандастарымызды қолдауға арналған. Осындай шара арқылы біз спортшыларымызға серпін бергіміз келеді. Төрткүл дүние көз тіккен додада біздің өрендер көп алтын медаль алып, ел мерейін асырсын.

Жарыс соңында жеңімпаздар анықталып бағалы сыйлықтар және мақтау қағаздарымен марапаттталды.

Култанов Байболат