МТРА жаңалықтары

Ақша мен мүлікті заңдастыру науқаны жалғасуда

Бұл шет мемлекеттерде байлығы бар қазақстандықтарға дүниесін жария етуге зор мүмкіндік болып отыр.

Әсем Рамазанова – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

– Енді ақшаны екі жолмен заңдастыруға болады. Біріншісі, қаражатты есеп шотта көрсетіп, оны 10 пайыздық ақысын өтемей-ақ бизнеске немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға жұмсауға болады. Ал екінші жолы ол ақшаны есеп шотта көрсетпей-ақ заңдастырып, 10-пайыздық ақысын өтеу арқылы жүзеге асады. Екі жағдайда да жария етуші субъект мемлекеттік кірістер органдарына тиісті декларация тапсыруы қажет.

Жыл басынан Петропавл қаласы бойынша жалпы сомасы 8 млрд 854 млн 249 мың 520 теңге болатын ақша заңдастырлыпты. Сонымен қатар қаражатқа қатысты 41 декларация қабылданып, оның біреуі кері қайтарылған. Себебі құжаттар дұрыс емес.

Әсем Рамазанова – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

– Мүлікті жария етуге қатысты кез-келген ақпарат салық және де банктің құпиясы болып табылады. Оны үшінші жаққа ешкім, тіпті комиссия мүшелері, мемлекеттік кірістер органдарының және де екінші деңгейлі банк қызметкерлері де айта алмайды. Бұндай ақпаратты таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жалпы мүлікті заңдастыруға қатысты сауалдары туындаған шаһар тұрғындары Мир көшесі 85 мекен жайы бойынша орналасқан Мемлекеттік кірістер басқармасына барып кеңес ала алады.

Култанов Байболат