Аптадағы маңызды жаңалықтар

2016 жылдың жазында Қызылжар ауданына қарасты жолдардың 36 мың шаршы метріне ағымдағы жөндеу жүргізілді

Әділбек Малғаждаров – Бескөл ауылының тұрғыны:


– Көтемде, жаңбыр жауғанда бұл аудан лай батпақ болатын. Балаларға қиын болды. Бұл жерден көліктер өте алмайтын.

Биыл “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында Бескөл ауылындағы 10 көшеге қиыршық тас төселіп, аудан бюджетінен бөлінген 12 млн теңге игерілді. Бұдан өзге ауданға қарасты бірқатар елдімекендердегі кіреберіс жолдар жамалуда.

Бақыт Ілиясов – Қызылжар аудандық сәулет, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:


– 2016 жылы аудандық маңыздағы жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу үшін облыс қазынасынан 65 млн теңге бөлінді. Ол қаражатқа Подгорное, Кондратовка, Кривозерка, Тепличное, Новоникольское 2 және Боголюбово-Новоникольское елдімекендерінің кіреберіс жолдары жөнделді. Осылайша, ауданымызда жалпы аумағы 36 мың шаршы метр жол қабаты қалыпқа келтірілді. Барлық жұмыстарды “Жігер” компанясы орындады.

Бескөл ауылын абаттандыруға жастар да атсалысуда. Мысалы, Қызылжар аудандық орталық ауруханасына қарай сайрап жатқан мына тротуарды “Нұр Отан” партиясы Қызылжар аудандық филиалының қызметкерлері өз қолдарымен төсепті. Қажетті материалдарды оларға “Жігер” компаниясы жеткізіп берген. Қалған істің бәрін 10 жігіт жұмылып 2 айдың ішінде тындырып тастаған.

Ғайни Темірова – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Ауруханаға жеткенше тұрғындардың үсті басы кір болатын. Бұл жерден балалар коляскасымен өте алмайтынбыз. Осы тратуарды тосуп берген жастардың жолы ақ болсын!

Жетекші партияның қатарындағы жастар осылайша, тұрғындардың бұрыннан көтеріп жүрген өтінішін биылдан қалдырмауды жөн санаған. Және бұл үшін ешкімнен ақша алмады.

Сондай-ақ, Қызылжар ауданының орталығы көгалдандырылуда. Жыл басынан Бескөл ауылында 35 түп шырша, 60 шақты терек пен 27 тал ағашы отырғызылыпты.

Берік Қасен