МТРА жаңалықтары

ҚР ҰҰ Әскери институтында “Жас жауынгер” курсы жалғасуда

Қазір арнайы атыс алаңында 8-ші ротаның 832-ші тобы әскери шеберліктерін шыңдауда. Солардың бірі – жас жауынгер Ерғалым. Шығыстың Семейінен келген ол мылтықты небәрі 13 секундта жинайды екен.

Ерғалым Уристемхан – ҚР Ұлттық Ұлан Әскери институтының курсанты:

– Бұл мамандықты өзім таңдадым. Алдағы уақытта білім алып, жақсы маман болатыныма сенемін. Өйткені бұл жерді әскерилерді жоғары деңгйде дайындайды.

Жалпы қазір Әскери институтта курсанттар саны 1 мыңға жуық. Олардың 219-ы бірінші курсқа енді түскендер.

Ерлан Ахметжанов – ҚР Ұлттық Ұлан Әскери институты 8-ші оқу ротасының командиры:

– Мұнда біз курсанттарды сап түзеуден бастап, қаруды дұрыс ұстауға дейін меңгертеміз. Олар әскери тәртіпке осы бастан бастап үйренулері қажет. Өйткені олар Отан қорғаушылар ғой. Негізі бізге курсанттар еліміздің барлық өңірлерінен жиналған.

Ал Нұржан Ержанов Петропавлға Елорда төрінен келген. Ол бала кезден әскери киім киіп, Отан қорғауды армандапты. Сол себепті жас жауынгер мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзін-өзі әскери өмірге физикалық тұрғыда дайындай бастапты. Нәтижесі де бар. Енді болашақ офицер 4 жыл бойы ҚР Ұлттық Ұлан Әскери институтында білім алатынын мақтан тұтады.

Нұржан Ержанов – ҚР Ұлттық Ұлан Әскери институтының курсанты:

– Нағашым бұрындары милиция қызметкері болған. Бала кезімнен соған қарап, әскери маман болғым келді. 4 жылдан соң офицер атанып, елімді қорғауға атсалысамын.

Ал мына жердегі жігіттер сымдай тартылып, әскери сап түзеуді мықтап қолға алған. Аз уақыт ішінде олар бір ізбен, бір адамдай жүруді үйреніпті. Дегенмен, алғашқы кездерде балалар жаңылысып жатыпты.

Самат Абжанов – ҚР Ұлттық Ұлан Әскери институты 4-ші батальоны командирының орынбасары:

– Биыл біздің институтқа 300-ге жуық талапкер келіп, әскери полигонда шынықты. Бірақ олардың ішінен үздік деген 219 бала суырылып, Ұлттық Ұланда білім алу құқығына ие болды. Енді олар тамыздың бірінен астап әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Мен өзім де бұл білім ордасында оқыдым. Алғашқы түлекпін. Сондықтан бірінші курсқа келгендерге барынша қолғабыс етуге тырысып жатырмыз.

Әскери институттағы бұл «Жас жауынгер» курсы қыркүйек айының біріне дейін жалғаспақ. Ал 3-і күні курсанттар ант қабылдап, әскерилер қатарына қосылады.

 

Айгерим Ержанова