Спорт

КСРО-ның спорт шебері, жерлесіміз Алексей Мартыновичті еске алуға арналған республикалық велокөпкүндік аяқталды

Владимир Парахин – велосипед спорты бойынша ОРБЖСМ директоры:

– Республикалық бұл дода жыл сайын өткізіледі. Биыл оған 14 команда, 13 пен 14 жастағы еліміздің 7 өңірінен келген 85 жасөспірім қатысты. Арасында талантты деген спортшылар да бар. Осы жарыста үздік нәтиже көрсеткендері 19 тамыз Көкшетауда өтетін сайыста бағын сынайтын болады.

Жекелей сында үздік нәтижені Батыс Қазақстан облысынан келген Руслан Елубаев көрсетті. Ол 40 шақырымды 4 сағат 32 секундта жүріп өткен.

Руслан Елубаев- Батыс Қазақстан облысы:

– Жарыс жолы қиын болды. Бірақ мен өзгелерден айламды асырдым. Алғашында мен көштің соңында келе жаттым. Кейін жылдамдығымды біртіндеп арттырып отырып, өзгелерден алдыға көп ұзадым. Жалпы маған ұзақ қашықтықтарға жарысқан ұнайды.

Командалық есепте де батысқазақстандықтар үздік болып, бірінші орынға қол жеткізді. Екінші орынға Астанадан келген велошабандоздар тұрақтаса, теріскейліктер үшінші тұғырдан көрінді.

 

Магжан Ахмадина