Аптадағы маңызды жаңалықтар

М.Жұмабаев ауданында шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр

Пішен шабу науқанына қожалықтағылар маусымның 23-нде кіріскен. Бірақ жаздың бірінші айындағы апталап жауған жаңбыр шаруаларға кедергі келтірген. Бірақ қазір ауа райының қолайлығы жұмыстың қызу жүруіне септесуде. Биыл «Жәнібек и К» фермерлігі мал азығын 150 гектардан астам жерге егіпті.

Қайрат Жәнібеков – «Жәнібеков и К» ФШҚ жетекшісі, М.Жұмабаев ауданы:


–  Бүгінгі таңда біз мал азығының 60 пайызын дайындап қойдық. 60 гектарға астық қоспасын, 116 гектарға – сұлы, 365 гектар – арпа егілді. Қазір алқапта МТЗ-952 мен “Шумахер” тракторы жұмыс жасап жатыр. Олар күніне 25-30 гектар шөп шабады.

Ал мына алқапта трактормен шөпті буып жатыр. Бұның бір орамының салмағы – 300 келіге жуық. Қожалық иесі Қайрат Жәнібековтің айтуынша, шабылған төрт түлік азығын қарамағындағы жұмысшыларға тегін береді. Ал ауылдастары оның тоннасын 10-12 мың теңгеге сатып ала алады.

–  Бұйырса, агрорқұрылымдағылар шөп шабу науқанын шамамен 2 апта ішінде аяқтамақ ниетте. Кейін олар өзге мал азығын жинауға білек сыбана кіріседі. Бұл әрине, егін егумен қатар мал күтуді қолға алған шаруашылық үшін қажет-ақ. Мәселен, мына 110 бас герефорд тұқымды ірі қараны қожалықтағылар осыдан 2 жыл бұрын сатып алған.

Сонымен қатар, мұнда еділбай тұқымды 354 бас қой да бар. Бұл төрт түлікті қыстан аман-есен шығару үшін биыл 700 тонна шөп қажет екен.
Ағымдағы жылы М.Жұмабаев ауданында алдағы қысқа 63 мың тонна шөп дайындалмақ.

Арман Әбілқайыров – М.Жұмабаев ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

 

– Біздің ауданда 41 мың тонна шөп дайын. Бұл мақсатта ауданда қазір азық жинаушы 110 бригада қызу жұмыс істеуде. Сонымен қатар, 350 бірлік техника жұмылдырылған. Биыл орташа берекелік 12-13 центнерді құрап отыр.

Қазіргі таңда Мағжан Жұмабаев ауданында 60 ЖШС пен 281 ірілі-ұсақты шаруа қожалығы жұмыс істеуде.

Айгерим Ержанова