Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жыл басынан өңірдегі кәсіпорындарда 32 жазатайым оқиға орын алып 36 адам зардап шеккен

Қайрат Пішенбаев – СҚО мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– 198 лауазымды және заңды тұлға жалпы сомасы 34,1 млн теңгені құрайтын айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 27 млн еңбек қатынастарын бұзғаны үшін, 7,1 млн теңге қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде жұмысшыларға жалақыны уақытылы төлемеу жағдайлары да анықталыпты. Тіпті, кейбір жерлерде адамдардың еңбекақысын 2 жарым айға дейін кешіктірген екен. Тексерілген 36 ұйымда 277,5 млн теңге берешек анықталып, жұмысшыларға толығымен берілген. Еңбекақыны төлеу мерзімін сақтамаған заңды тұлғаларға жалпы сомасы 7,9 млн теңге айыппұл салыныпты. Бұдан бөлек өңір кәсіпорындарында жазатайым оқиғалар да орын алған. Көбіне бұндай жағдайлар аграрлы сектор саласында тіркелген.

Қайрат Пішенбаев – СҚО мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– 2016 жылдың 6 айында 36 адам зардап шеккен 32 жазатайым оқиға орын алды. Нәтижесінде 3 жұмысшы қаза тауып, 9-ы ауыр, 9-ы орта және 15-і жеңіл дәрежедегі жарақат алған. Барлық жазатайым оқиғалар заңнамаға сәйкес зерттелді. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 1544 ұйым басшылары мен жауапты тұлғалар оқытылып, аттестатталды.

Жалпы облыстық мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасының мамандары екінші жартыжылдықта жоспар бойынша 19 кәсіпорында, тұрғындардан келіп түскен өтініш-арыздар негізінде 220 ұйымда тексеріс жүргізбек.

 

Риат Шони