Әр түрлі

Петропавлда жиһаздар цехы отқа оранды

Оқиға орнына жедел түрде №3-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жетті. Ғимарат 19-шы ғасырдың соңында салынған екен. Цехтың жанында М.Қозабаев атындағы СҚМУ-ің мұражайы, студенттік жатақханалар және де кафе орналасқан. Тілсіз жаумен арпалысқан құтқарушылар бірден ғимарат ішіндегі және маңында орналасқан нысандардан адамдарды эвакуацилады. Өрт салдарынан цехтың шатыры толығымен жанып кетті. Ал қабырғалары мен ішіндегі көптеген мүлік бүлінген. Бірқатар жиһаздардың күлі көкке ұшты. Абырой болғанда өрттен зардап шеккендер және де қаза тапқандар жоқ. Жалпы тілсіз жау 600 шаршы метр аумақты шарпыды.

Евгений Журавлёв – СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

– 101 нөміріне өрт жайлы хабар таңғы сағат 6-дан 38 минут кеткенде келіп түсте. Оқиға орынына құтқарушылар 8 минутта жетті. Қызыл жалынмен арпалысуға жеке құрамның 90 адамы және 16 бірлік техника жұмылдырылды. Жақын маңда гидранттар бар екен. Сол себепті судың жоқтығы мәселесі туындаған жоқ. Өрт сағат 8-ден 40 минут кеткенде ауыздықталып, оның салдары 10:38-де толығымен жойылды. Қазір оқыс оқиғаның шығу себептері анықталу үстінде.

Риат Шони