Әр түрлі

Жолаушылар тасымалдау одағы жергілікті такси жүргізушілеріне ерекше эмблема табыс етті

Амир Баязитов – «Жолаушылар тасымалдау одағы» ҚБ төрағасы:


–  Соңғы кездері облыс орталығында такси жүргізушісімін деген көлік иелері көбейіп кетті. Яғни олар, бұны жай қосымша табыс көзіндей көреді. Бірақ таксист дегеніміз – біреудің өміріне жауапты адам ғой. Сол себепті біз клиенттерге кімнің шынай таксист екендігін көрсеткіміз келді. Сондықтан полиция қызметкерлерімен бірге ерекше эмблемаларды ойлап шығардық. Тәжірибе көрсеткендей кей таксопарктерге жүргізушілер еш құжатсыз жұмысқа тұра алады екен.

Тіпті соңғы кездері шаһарда жүргізуші куәлігінсіз көлік айдаушылар саны көбейген. Мәселен, өткен екі апта ішінде тәртіп сақшылары құжатсыз жүрген 40-тан астам темір тұлпар иелерін ұстаған.

Шәмшиден Ақышев – Петропавл қалалық ІІБ жергілікті полиция бастығының орынбасары:

– Екі жұма болған рейд барысында біз 42 машинаны тоқтатық. Оның 4-5-нде ғана барлық құжаттар болды. Ал 6 такси жүргізушісінде тіпті жүргізуші куәлігі болмаған.

Ал мынадай сары-қара түсті белгі енді тек құжаты дұрыс рәсімделген және шынымен такси жүргізушісі есебінде тіргкелгендерге берілуде. Алғашқылардың бірі болып бұл эмблемаға қол жеткізген – Сергей Захаров. Оның рөлде жүргеніне 6 жыл болыпты. Екі жылын такси қызметіне арнаған.

Сергей Захаров – такси жүргізушісі:


– Такси клиенттері діттеген жерлеріне аман-есен жететіндеріне сенімді болу керек. Сондықтан бұл белгі қауіпсіздік кепілі десек те болады. Өйткені эмблема тек таксистер тізімімнде тұрған, құжаты дұрыс жүргізушілерге беріледі. Кей кездері ата-аналар бізге балаларын аманат етіп жатады. Оларды біз мектептеріне дейін апарып саламыз. Ал бүлдіршіндерінің жеткендігі туралы ақпаратты олар біздің такси орталығына қоңырау шалу арқылы біле алады.

Жолаушылар тасымалдау одағы бұл күні 20-дан астам көлік иесіне ерекше эмблема табыстады. Оны жүргізушілер ай сайын ауыстырып тұрады. Айта кеткен жөн, әр таксистің өзінің жеке нөмірі бар. Тәртіп сақшылары осы сан арқылы темір тұлпар иесі жайлы барлық ақпаратты біле алады. Егерде біреулер жалған белгі жасап алып жатса, оны полицейлер бірден нөмірі арқылы әшкере қылады.

 

Айгерим Ержанова