Спорт

Жерлес боксшы жастар арасында өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды

Ол дүбірлі додаларда талай мәрте топ жарған. Жерлесіміз соңғы рет Сербия мемлекетінің Суботица қаласында өткен жастар арасындағы “Алтын былғары қолғап” турнирінде жеңімпаз атаныпты. Байрақты бәсекеде 49 келі салмақта бақ сынаған Евгений 3 бірдей қарсыласын тізе бүктірген.

Евгений Павлов – бокстан ҚР спорт шебері:


–  Жарыста алдымен италиялық, сосын венгр боксшысын жеңдім. Финалдық кездесуде Марокко елінің баласымен кездестім. Бұл жұдырықтасу мен үшін қиын өтті. Өйткені, қарсыласымның техникалық шеберлігі мықты болды. Дегенмен де мен 3-раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен кездесуде 3-те 0 есебімен жеңіске жеттім.

Жалпы, “Алтын былғары қолғап” турниріне әлемнің 16 елінен 200-ге жуық боксшы қатысыпты. Бұл жарыста бақ сынаған қазақстандық жас былғары қолғап шеберлері 14 медаль еншілеген. Отандастарымыздың қоржынында барлығы 5 алтын, 4 күміс және 5 қола алқа бар.

Денис Языков – бокстан СҚО жастар құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Жарыста біздің елдің боксшылары жалпы құрамалық есепте бірінші орынды иеленді. Командадағы әр бала тартысты кездесулерде жеңіске жетті. Солардың ішінде менің шәкіртім Евгений Павлов та бар. Оның мұндай деңгейдегі жарыста бірінші орын алғанына қуаныштымын. Енді Евгений тағы да бірнеше турнирде алтыннан алқа тағынса қараша айында жастар арасында Санкт-Петербург қаласында өтетін әлем біріншіліне қатысады.

Евгений Павлов жастар арасында өтетін әлем чемпионатына бүгіннен дайындыққа кіріскен. Ол енді тамыз айының 7-сі күні Алматы қаласында өтетін оқу-жаттығу жиындарына аттанады.

Култанов Байболат