ТКШ

Петропавлда фонтандарды тазалау жұмыстары жүргізілуде

Облыс орталығында ірілі-ұсақты 11 фонтан бар. Қазір мамандар оның барлығына профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Субұрқақтарды талапқа сай ұстау үшін 21 млн теңгеден артық қаржы бөлінген.

Саят Омаров, Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы: 

– Бұл қаражат қаладағы су бұрқақтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін тұрақты бақылау жасап, профилактикалық және жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бөлінген. Бұл ретте “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” кәсіпорны жанындағы апаттық жөндеу қызметімен шарт жасастық. Олар 153 күн бойы субұрқақтарды тазалықта ұстауға міндетті.

Қаланың көркін кіргізіп тұрған бұл нысандардың маңына келіп тыныстағанды тұрғындар да ұнатады. Олар субұрқақтардағы түпкілікті тазалық жұмыстарының жүргізіліп тұрғанын құптайды. Себебі, осыйлайша, оның маңындағы ауа тазарып, су да өз мөлдірлігін сақтайды.

Бұған дейін Петропавлдағы субұрқақтар қыс мерзімі аяқталып, маусымдық ашылудың алдында түпкілікті тазалаудан өткен.

 

Акбопе Танирберген