Спорт

Петропавлда жасөспірімдер арасында жазғы биатлоннан ел біріншілігі бастау алды

Айдана Аманбаеваның бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне 1 жыл болған. Осы уақыт аралығында жасөспірім бірнеше жарыстарға қатысыпты. Кезекті додада топ жару үшін спортшы қыз тыңғылықты дайындалған.

Айдана Аманбаева, жарысқа қатысушы, Ақтөбе қаласы:

– Жазғы биатлонға бірінші рет қатысып отырмын. Өте қобалжудамын, жарыс алаңына қазір ұлдардан кейін шығамын. 3 шақырымға жүгіреміз.

Бірінші болып жарыс жолына 97-98-ші жылғы ұлдар шықты. Олар 4 шақырым жолды жүгіріп өту барысында жерде жатып мылтық атады.

Ал ары қарай жүгіріп келіп тағы нысананы тік тұрған бойы көздеулері тиіс. Міне, мәреге спортшылардың алғашқы легі де келіп жетті.

Данияр Бектұрсын, жарысқа қатысушы, Алматы қаласы:

– Бұл жарысқа бірінші рет қатысудамын. Дистанциям 4 шақырым болды. Жалпы жарыс оңай болған жоқ, бірақ шыдап, жүгіріп жеттім.

Жазғы биатлонда спортшылар үшін жылдамдықпен қатар дәлдік те керек. Өйткені, жастар нысананы көздегенде қанша қателік жіберсе, сонша 75 метрлік айып алаңын жүгіреді. Бұл, әрине биатлоншының жеңіске жетуіне кедергі келтіреді.

Мақсат Шаранов, ҚР биатлоннан мемлекеттік жаттықтырушысы:

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған биатлоннан жастар чемпионаты дәстүрлі түрде осы жерде 5 мәрте өткізіліп жатыр. Жылдан жылға қатысушылардың саны артуда. Мәселен, былтыр 159 спортшы күш сынасса, биыл – 169 спортшы. Командалар 8 өңірден жиналды.

Байрақты бәсеке Петропавлда шілденің 26-сына дейін жалғаспақ. Сайыстың келесі кезеңдерінде биатлоншылар командалық және аралас бәсекеде күш сынасады.

Айсулу Сергали