Спорт

Өңірімізде тай боксынан ашық республикалық турнир өтті

Әрбірі 3 минуттан тұратын 3 жекпе-жекте жерлесіміз Дмитрий Комар белсенділік танытып жеңіске жетті. Ол бұл спорт түрімен 4 жыл айналысады екен. Жеткіншек екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған.

Дмитрий Комар – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бүгінгі қарсыласым өте мықты болды. Мен бар күшімді салып тырыстым. Мен үш күнгі жарыс кезінде екі рет шаршы алаңға шықтым. Екеуінде де жеңімпаз атандым.

Шаршы алаңда қолғап түйістіріп жатқан келесі жұп – алматылық спортшы Анатолий Соломкин мен ресейлік Евгений Бабиев. Қызыл жейделі Анатолий алғашқы сәттен-ақ белсенді әрекетке көшіп, ринг ортасын қарсыласына бермеді. Сақтықпен қимылдап, қарсыласының шабуылдарына тойтарыс беріп, өз соққыларын дарыта білді. Осылайша, айқын басымдықпен жеңісті қанжығасына байлады.

Анатолий Соломкин – жарысқа қатысушы, Алматы қаласы:

– Кездескен қарсыласым мықты болды. Кішкене шаршап та қалдым. Бірақ, бар күшімді салып тартыстым, жеңіске жеттім.

“Солтүстік кубогі” ашық республикалық турнирінде жиыны 200-ге тарта отандық және ресейлік спортшы қатысты. Ал, финалдық кездесуде мықты деген 20 муайтайшы шаршы алаңда кездесті.

Иван Ван-Хон-Тун – тай бокстан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Бүгінгі кеште біздің өңірдің намысын 4 муайтайшы қорғады. Олар: Дмитрий Комар, Шамиль Ермағамбетов, Руслан Заякин және Андрей Круч. Жалпы спортшыларымыз жарысқа жақсы дайындалған.

Үш күнге жалғасқан «Солтүстік кубогының» қорытындысы бойынша түрлі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамота, медаль және кубокпен марапатталды.

 

Тогжан Акмагамбетова