Әр түрлі

Петропавлға гастрольдік сапармен Ростов-на-Дону қаласынан “Советский циркі” келді

– Таныс болыңыздар, бұл – үш жасар Александра. Оның циркке келгеніне 1,5 ай болыпты. Ол да кішкентай сәбилер секілді қолда отырғанды және өзіне назар аударғанды ұнатады.

Кішкентай маймыл циркке келгендердің делебесін қоздырды. Ортаға шыққан мешіннің нөмірі теңіз жағасында дем алып жатқан жұптың хикаясы туралы болды. Олар балық аулап, демалыстарын сәтті өткізді.

Ендігі кезек қолтырауындарға да келіп жетті. Бұнда рептилиялардың иесі Игорь Яковенко көрермендерді біраз қорқытып алды. Үлкен қолтырауынның салмағы 60 келі, жасы 28-де екен. Бұл аталған жануарлардың ішіндегі ең кішкентайы болып саналады.

Игорь Яковенко – қолтырауын үйретуші, РФ:

– Бастапқыда қолтырауындар қорқады. Сол себепті, қорғану үшін адамға айбат шегеді. Кейін ешқандай қауіптің жоқтығын сезініп, үйреніп кетеді. Статистика бойынша 150 қолтырауынның біреуі арқасында жата алады. Мінекей, Гена да сол рептилиялардың қатарында. Бір рет циркте дайындық кезінде менің кішкентай қолтырауыным қашып кетті. Барлығымыз жабылып іздедік. Әйтеуір, таптық, ешкім зардап шеккен жоқ.

Өз қойылымының соңында Игорь Яковенко қолтырауынның аузын ашып, қауіпті нөмір көрсетті.

Ортаға тепсе темір үзетін, білегінің күші тасыған Мумин шықты. Оның өнеріне жұртшылық тамсанып тұрып қарады. 22 жастағы жігіт кеудесімен арматураны да майыстырды, тісімен әрбірі 25 келіден болатын 5 гірді және салмақтары 80 келіден асатын қос әріптесін бір мезетте көтерді. Ал ең соңында ол жұртты үреймен қаратқан нөмірді орындады.

Ал 2 сағатқа созылған цирктің соңында теріскейлік көрермендер жыртқыш аңдардың өнерін тамашалады. Мұнда қос жолбарыс Зита мен Гита және арыстан Нало кереметтей шоу көрсетті. Жыртқыш аңдарды қолға үйретумен 18 жыл бойы айналысып келген Азамат Хусинов бұлармен 8 жыл жұмыс істеп келеді. Айтуынша, әрбірінің көңілін табу керек.

Азамат Хусинов – жыртқыш аңдарды үйретуші, РФ:

– Бұл аңдардың мінезі жұмсақ. Дайындық кезінде оларды ойнау арқылы үйретемін. Қатты мінез көрсетуге болмайды. Өзіңе шабуыл жасауы мүмкін. Арыстан Нало байсалды, сабырлы. Ал Зита мен Гита бір-бірімен үнемі алысады да жүреді. Бірақ, көрсетілімге келгенде барлығы да өз істеріне жауаппен қарайды.

Жыртқыш аңдар келген көрермендердің делебесін қоздырды. Түрлі таңғажайып нөмірлерді көрсетіп, жұрттың назарын өздеріне аудартты.

Осылайша 2,5 сағат көзді-ашып жұмғанша өте шықты. Циркке келген теріскейліктер әртістердің өнеріне жоғары бағасын беріп тарқасты.

– Немерелеріммен келдім. Оларға ұнады. Өзімнің де көңілімнен шақты. Тамаша барлығы.

– Маған барлық әртістер ұнады. Әсіресе, күші тасыған ағай. Өйткені, ол барлығын көтеріп алды. Және үстіне машина өткенде қорқынышты болды.

Айта кету қажет, сенбі және жексенбі күндері “Советский циркі” өзінің соңғы нөмірлерін көрсетіп, ары қарай Қостанай қаласына аттанады.

 

Риат Шони