ТКШ

Биыл өңірде Нұрлы жол бағдарламасы аясында ТКШ саласына 3,3 миллиард теңге қарастырылған

Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір «Южный» кәріздік қысым коллекторын және бірінші көтерілімдегі сорғы станциясындағы су құбырын қайта жаңғырту сынды екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, биыл Пушкин және Заводская, Шухов көшелеріндегі кәріздік коллекторлар да қайта жаңғыртылады. Жобаларды жүзеге асыру жоспарға сай жүргізілуде.

Жоспарланған 6 жобаның төртеуін орындау бойынша келісім шарт жасасқан “Қызылжар су” серіктестігі ендігі қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Олар нысандарды жыл соңына дейін тапсырамыз деп жоспарлауда.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Жалпы кәріз жүйесі мен су тарту жұмыстары бойынша 15,5 километр жерге құбыр орнатылады. Осылайша, біз құбырлардың тозуын 58-70 пайызға дейін азайтамыз. Қазір бірінші көтерілімдегі сорғы станциясында жаңғыртылуға тиісті 4500 шақырым су құбырының ендігі 500 шақырымы орнатылды. «Южный» кәріздік қысым коллекторының 1300 км-і жаңартылды. Ауа райы жақсы болып тұр. Сондықтан, жұмыстарды уақытында аяқтаймыз.

Жиында ТКШ мен құрылыс саласында туындаған түйіткілді мәселелердің жайы да сөз болды.

Сергей Тимофеев, облыстық мәслихат депутаты:

– «Береке» шағын ауданында су деңгейін төмендетуге байланысты мәселе бар. Жылу желілері неге тез тозады? Себебі, жер асты суы өте жақын. Бұл мәселені шешу үшін жаңбыр суы ағып, бір жерге жиналатын нөсерлік кәріз жүйесін салу керек.

Жалпы, “Нұрлы жол” бағдарламасының жүзеге асырылуына биыл Солтүстік Қазақстанға 14 миллиард 844 миллион теңге бөлінген.

 

Акбопе Танирберген