Спорт

Айыртау ауданында мектеп оқушылары арасында облыстық 8-ші туристік слет өтті

Лера Владимирова – туристік слетке қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мен бұл жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Жаңа ғана соңғы болып арқанның үстімен жүріп өттім. Жалпы, бұл сайысты біздің команданың ойыншылары 13 минут 8 секундта бағындырды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қарсыластарымыз да тамаша өнер көрсетуде.

Бұл сайысқа түсерде оқушылар арнайы киімді киеді. Онда қатысушылардың басында міндетті түрде каскалары мен қауіпсіздік белдіктері болуы керек. Мұның бәрін төрешілер бақылайды. Егер де ойыншы ережеге сай жарақталмаса қазылар командадан бір ұпай шегереді.

Екатерина Вязанкина – туристік слеттің бас төрешісі:

– Ойыншылардың жылдамдықтарымен қоса тапқырлықтары да сыналады. Өйткені, олар ұжым болып қауіпті жаттығуды 20 минуттың ішінде бағындырулары тиіс. Ойында жастар дер кезінде бір-бірлеріне ақыл айтып көмектесулері керек. Сондай-ақ, біз ұл-қыздардың қауіпсіздік үшін пайдаланылатын құралдарды қолдану ережесін бақылаймыз.

Айыртау ауданының мектеп оқушылары бұл туристік слетке алғаш рет қатысып отыр. Сондықтан болар, олар 3 күннің қорытындысы бойынша, әзірге, жалпы командалық есепте 5-ші орында келеді. Ал, бұл сайыста намысқа тырысқан ұл-қыздар арқан үстімен небәрі 10 минут 46 секундта жүріп өтті.

Әділет Советов – туристік слетке қатысушы, Айыртау ауданы:

– Біздің құрамада 6 бала бар. Олардың барлығы спортшылар. Бұл жарысқа алғаш рет қатысып отырмыз.

Жалпы, мектеп оқушылары арасында облыстық туристік слет осымен 8-ші рет өтіп отыр. Биылғы шара республикалық “Менің елім – Қазақстан” экпедициясы аясында ұйымдастырылыпты. Жарысқа өңіріміздің белсенді ұл-қыздарынан жасақталған 8 құрама қатысуда. Сайыс ережесі бойынша қатысушылар 3 спорттық және 1 суреттер конкурсында бақтарын сынайды. Байқауда балғындар табиғат аясында түскен фотоларын қабырға газетіне іліп төрешілердің бағасын алмақ.

Қанат Сәдуақас, СҚО бiлiм басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңiрлiк оқу-әдiстемелiк орталығының директоры:

– Бұл туристік слеттің басты мақсаты – балаларға табиғатты аялауды, қорғауды үйрету. Өңіріміздегі туризімді дамыту болып табылады. Міне, 3 күн бойы тартысты бәсеке өтуде.

Міне, 3 күнге созылған туристік слет те мәресіне жетті. Жарыстың қорытындысы бойынша М. Жұмабаев ауданы үшінші, Қызылжар ауданының ұл-қыздары екінші орынды иеленді. Ал, сайыс жеңімпаздары Петропавл қаласының балғындары атанды. Жүлдегерлер грамота, медаль, кубоктармен марапатталды.

 

Култанов Байболат