Ауыл шаруашылығы

Прибрежное селосының тұрғыны мемлекеттік бағдарлама арқылы жылыжай тұрғызды

Вероника Темирова – “Темирова” ЖК басшысы, Қызылжар ауданы:

-Жылыжай ашуды отбасымызбен бұрыннан ойладық. Міне, мемлекет қолдауының арқасында бұл арманымыз биыл орындалды. Негізі ауылды жерде тұрғасын бір кәсіппен айналысқан дұрыс. Алдағы уақытта нысанның ішінде құлпынай өсіруді де жоспарлап отырмыз.

Жылыжайдың сырты поликарбонатпен қапталған. Бұл заманауи материалдың ерекшелігі, жазғы күндері нысанның іші тез ысиды. Тіпті, кей кездері мұнда ауа температурасы 60 градусқа дейін жетеді екен.

Вероника Темирова – “Темирова” ЖК басшысы, Қызылжар ауданы:

-Нысан көкөніс өсіруге өте қолайлы. Өйткені, мында оларға күннің көзі жақсы түседі. Осында өсірген қиярдың алғашқы өнімін сәуір айында алдық. Жалпы, жиналған көкөністі өңір аудандары мен қаладағы бірнеше сауда орындарына өткіземіз. Біз жылыжайдан күніне 20 келі қияр аламыз. Көкеністерді қазан айының соңына дейін өсірмекпіз.

Қазір жылыжайда 2 маман жұмыс істейді. Олар әрқайсысы айына 40 мың теңге жалақы алады екен. Бағбаншылар мында көкөністердің күтімімен айналысады.

-Мұндағы мамандар, әзірге көкөністерді қолмен суарады. Ал, болашақта жылыжайға тамшылап суаратын арнайы қондырғы орнатылмақ. Бұл дегеніміз – жеміс-жидектер мен көкөністерге тіршілік көзі мынандай құбырлар арқылы жетпек.

Жалпы өңірде “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсіп ашқандардың саны артқан. Мәселен, былтыр 200-ден аса жерлесіміз 457 миллион теңге несие рәсімдепті. Ал осы жылдың басынан бері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры теріскейліктерден түскен 193 өтінішті қабылдап, тұрғындарға 463 миллион теңгеден аса қаражат берген. Айта кеткен жөн, биылдан бастап аталған қаржы институты қаладағы азаматтарға да несие бере бастапты.

Ильдар Хасенов – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚФ несие менеджері:

-Үстіміздегі жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚФ қалалық жердегі 10 кәсіпкерге 28 жарым миллион теңгенің несиесін рәсімдеді. Бұл сома қазір толығымен игеріліп, тұрғындар өз істерін бастап кетті. Тағы да жыл соңына дейін біздің қаржы институты қалалық іскер азаматтарға 85 миллион теңгеден аса қаражат беруді жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалы жыл соңына дейін тағы 22 өтініш білдірушіге 62 миллион теңгеден аса несие беруді көздеуде.

 

Култанов Байболат