Құқық қорғау органдары

Өңірде мамандар 25 адамды суға батып бара жатқан жерінен құтқарып алған

Бұл оқиға өткен дүйсенбі күні орын алған. Күннің ыстығында қалалық жағажайға 12 және 8 жастағы қыздар шомылуға келеді. Олар суға арнайы жел үрленген жастық арқылы түскен. Кенеттен жеткіншектер өзенінің қатты ағысына тап болып, өздерін құтқаруды сұрайды. Мұны байқаған қырағы мамандар сол маңнан табылып, балғындарға көмектесіпті.

Виктор Держанский – “СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы” ММ жетекшісінің орынбасары:

-Апалы-сіңілі қыздар ата-аналарының қарауынсыз өзенге шомылуға келген. Олар суда үрмелі жастықтың үстіне отырып, демалады. Біраз, уақыттан кейін жанағы жастық жарылып кетеді. Осы сәтте қыздар өзенге батуға сәл-ақ қалған. Абырой болғанда, балаларды құтқарып қалдық. Сондықтан, ата-аналарды балаларын өзенге жалғыз жібермеулерін сұраймыз.

Дегенмен де 11-шілде күні өзен жағасында демалған кейбір тұрғындар үшін қайғылы аяқталды. Есіл ауданына қарасты Мектеп ауылы маңында 1998 жылғы жасөспірім суға кеткен. Қазір оқыс оқиғаның орын алғанына 3 күн өтсе де 18 жастағы азамат туралы еш хабар жоқ.

Арслан Хусаинов – СҚО ТЖД азаматтық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:

-Суға батқан жігіт Мектеп ауылына Астана қаласынан қонаққа келіпті. Олар отбасы мүшелері мен бірге Есіл өзені бойында демалған. Кейін жігіт белгіленбеген жерге суға түсіп, батып кеткен. Қазір оны 3 құтқарушы іздеп жатыр, денесі әлі табылған жоқ. Сонымен қатар, өткен аптада Айыртау ауданында балықшы өзенге түсіп қаза тапты.

Жалпы өңірде жыл басынан бері суға батып жатқан жерінен 25 адам құтқарылыпты. Оның 6-ауы – бала. Ал, жағажайларда демалған 29 тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

 

Култанов Байболат