Қоғам

Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Петропавлдағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

Марат Хасенов, – «Петропавл қаласының халықаралық әуежайы» АҚ директоры:

-Қазіргі күні жөндеу жүргізілуде. Ол үшін мемлекет қаржысынан 1 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін жұмыстар аяқталмақ.

Бұдан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың былтыр күзде ашылған Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров атындағы Спорт сарайына бас сұқты. Нысанның аумағы – 14 мың 853 шаршы метр. Үкімет басшысы жеңіл атлетикалық манеждің жағдайымен танысып, онда дайындық жүргізіп жатқан спортшылармен тілдесті.

Ирина Эктова – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Спортқа көп көңіл бөлініп жатыр. Ол үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сізге алғыс білдіремін. Мінекей, Петропавлда тамаша Спорт сарайы ашылды. Бұл бізге – кәсіби спортшыларға үлкен көмек. Осында қысы-жазы дайындық жүргізе аламыз. Алда Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындары тұр. Онда жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын.

Бұдан кейін Үкімет басшысы 2 жарым мың шаршы метр аумақты алып жатқан мұз айдынын байқады. Қазір бұл жерде хоккейшілер, конькимен жүгірушілер кез келген ауа райына қарамастан қысы-жазы дайындық жүргізе алады.

-Петропавлда спорт сарайы ашылып 2015 жылы 13-ші мамырда облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен кәсіби хоккей клубы құрылды. Өзінің алғашқы маусымында “Құлагер” командасы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды. Олардың ізін басып келе жатқан жеткіншектерде жетерлік. Кіші жастағылар да ел біріншілігінде үздік орындардан көрініп жүр.

Ал, 2015 жылы ашылған «ҚазТехМаш» машина жасау зауытына келген делегаттардың назарына «Авагро», «Петропавл трактор зауыты», «Петропавл машина жасау зауыты» сияқты кәсіпорындарда жасалған ауыр техникалар ұсынылды. Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов Премьер-Министрге көлікті жеке-жеке таныстырды.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

-Ресейлік өндірушілердің инвестициясы есебінен 120 машина құрастыратылытан болады. К-704 тракторлары. Жасалатын шикізаттың 40 пайызы – отандық.

Айту керек, мұнда құрастырылған «Sampo Asia 3085» комбайндары өткен жылдан бері теріскейдегі алқаптарда ырыс дәнін жинауда.

Яли Прихти, «Sampo Rosenlew» компаниясының бас директоры, Финляндия:

-Бұл – бірінші жасалған 50 ерекше конбайнның бірі. Алдағы уақытта жұмыс қарқынын арттырсақ дейміз. Ол үшін инвестиция қажет.

Техникаларды қарап болған соң Үкімет басшысы зауыттың ішін аралап, өнеркәсіптің жұмысын байқады. Кейін Премьер-министр Кәрім Мәсімов құрылысы жуырда аяқталған “Нұрсәт” балабақшасымен танысты. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Нысан 320 орынға шақталған. Үкімет басшысын өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балғындарды мектепке дейінгі біліммен қамту жағдайымен облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова таныстырды.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:

-Облысымызда 3 пен 6 жас аралығындағы балалар 97 пайызға мектепке дейінгі біліммен қамтылған. 2017-18 жылдары типтік балабақшалар салу мен консессиялық жоспар аясында 370 орындық балабақшаны іске қосып, мектепке дейінгі білім беру мәселесін 100 пайыз шешеміз.

Бұдан соң Премьер-Министр бастаған делегация өңірдегі өнердің ордасы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрына соқты. Қазір әртістердің дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан мына зал 200 адамға шақталған, көрермендер үшін тарлық етеді. Биыл көптен бері айтылып жүрген үлкен залдың құрылысы да басталады. Оған 2 млрд теңге қарастырылған.

 

 

Риат Шони