Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бастаған бір топ делегация келді

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 39 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 29 пайызға артты. Еңбек өнімділігі айтарлықтай жақсарды. Аталған көрсеткіштерге біз мемлекет қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Осы маңда Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен республикалық кеңес өтті. Жиналысқа СҚ, Ақмола, Қостанай облыстарының әкімдері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Отырыста ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жиналғандарды өсімдік шаруашылығындағы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпараттандырды. Пестицидтер мен тыңайтқыштарды сатып алу бойынша шығындарды субсидиялау шарттарын егжей-тегжейлі қарастыру керек деді.

Асқар Мырзахметов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Бекітілген норма бойынша ел аумағындағы егістік алқаптарға жылына 2,5 млн тонна минералды тыңайтқыш сіңірілуі тиіс. Алайда, қажетіліктің 10 пайызы ғана орындалуда. Үстіміздегі жылы ел бойынша пестицидке 1,4 млрд теңге, ал зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарына 3,5 млрд теңге бөлінді. Мен зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарына жұмсалатын қаражатты пестицидтердің бағасын арзандатуға бағыттау керек деп есептеймін. Осылайша, өсімдік ауруларын дер кезінде алдын алуға болады.

Республикалық кеңес барысында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпорын жетекшілері осы салаға жауапты министрлік өкілдеріне қордаланып қалған сұрақтарын қойды.
Келешекте ауылшаруашылығы кооперацияларын құрғандарға бөлек жеңілдіктер қарастыру жағы айтылды. Жиын барысында жергілікті машина құрастыратын кәсіпорын жетекшілері отандық тауарға субсидия берілсе деген өтінішін жеткізді.

Асқар Мырзахметов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Мал және құс шаруашалығына арналған судың бір текшесі 600 теңгеге қымбаттап кеткен еді. Оны субсидиялау жағын қазір қарастырып жатырмыз. Бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі.
Сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша, алдағы уақытта ветеринарлық қызметті дамытып, мал дәрігерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға мән беретін боламыз. Ал үшінші сұрақ бойынша айтарым, отандық ауылшаруашылығы техникаларына, әзірге субсидия берілмейді. Өйткені, біз бұлай ауылшаруашылығы тауарын өндірушінің техника таңдау мүмкіндігін шектей алмаймыз.

Кеңесте егістік алқаптарды әртараптандырып, машина-техника паркін жаңарту тұрғысында мәселелер қозғалды. Үкімет басшысы аграрийлерге жиында көтерілген мәселелердің жерде қалмайтындығын айтты.

Кәрім Мәсімов – ҚР Премьер-Министрі:

 

-Қазір Үкіметте салық кодексінің жаңа нұсқасы талқыланып жатыр. Алдағы уақытта салық салу мен субсидиялау шарттарына түзетулер енгізіледі. Бұдан былай субсидия түрлері кешіктірілмей берілу керек. Бұдан былай бидайға тиесілі алқаптардың аумақтары кемітіп, майлы және жем-азық дақылдарын көп өсіруге басымдық беріңдер. Қазіргі таңда ет, сүт, ұн, майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындардың өндіріс қуаттылығын арттыру – басты тапсырма. Оған қоса Елбасы тапсырмасы бойынша аймақтарда еңбек өнімділігін арттыру қажет.

Кеңестен соң меймандар “Айғаным” қонысы мен Қарасай және Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешенге соқты.

Берік Қасен