МТРА жаңалықтары

Шілде жаңбырлы болады

Жиі жауған өткінші нөсер мен теріскейден соққан жел. Шілде дәл осылай басталды. Өткен маусым да құрғақ болған жоқ. Петропавлдықтар мұндай ауа-райынан мезі болғанға ұқсайды. Күн шығып, шілде шуағын төксе дейді.

Қабағы бір ашылмаған ауа райы тұрғындарға жағажайға келіп демалуға мүмкіндік берер емес. Ай бойы күн құбылмалы болғанымен алдағы күндері де көлге түсіп, күнге қыздырынатын мүмкіндік те туады. Бірінші онкүндікте күн қызып, күндіз сынап бағанасы 25-30 градусқа дейін көтерілмек. Күн жайма шуақ болғанымен өткінші жаңбыр міндетті түрде болады. Ал, екінші онкүндікте күн 2-3 градусқа суытады.

Аслан Қажырахимов, “Казгидромет” РММ СҚО бойынша филиалы метеоболжам бөлімінің инженер-синоптигі:

-Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 14-19 жылыға, күндіз 30-35 жылыға дейін одан әрі жоғарылайды. Соңында ауа-райы түнде 18-23, күндіз 34-39 кей жерлерде 29 градусқа дейін жоғарылады.

Жауын-шашынның мөлшерден сәл жоғары болуына қарамастан, күннің аптабы бұрынғы рекордын бұзады деп күтілуде. Петропавлдағы ең жоғарғы температура 1940 жылы 18 шілдеде болған екен. Онда сынап бағанасы 40,5 градус жылылықты көрсеткен.

 

 

Акбопе Танирберген