МТРА жаңалықтары

Ипотекалық земдарды қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 503 солтүстікқазақстандық мемлекеттен қолдау тапты

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” СҚОФ директоры:

-Бұл облыс бойынша барлық қарыздардың 10 пайызы. Банктер құптаған өтініштердің 95 пайызы қайта қаржыландырылды. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 82 процент.

Ал 65 жерлесімізге қаржы институттары қайта қаржыландырудан бас тартқан. Олар арнайы құрылған комиссияның көмегіне жүгінген. Аталмыш ұйым осы күнге дейін 37 өтінішті еш өзгеріссіз қалдырды, 28-ін банктерге қайта қарауға жөнелтіпті. Ал 17 заемшыға мемлекет қарызын төлеуге көмектеседі. Бүгінгі отырыста комиссия мүшелері үш өтінішті қарастырды. Василий Суставов ипотеканы 2007-ші жылы рәсімдеп, 15 жылға 30 мың доллар алған. Азамат қарызын бір күнге де қалдырмай уақытылы төлеп отырған. Сол себепті банк ескі курспен оны қайта қаржыландырудан бас тартыпты. Ал қазіргісі Василий Суставовтың қалтасын қағуда.

Василий Суставов:

-Мен бұрын 43 мың төлегенмін, ал қазір 90 мың. Бұл мен үшін тиімсіз.

Бағдарламаның шарты бойынша заемшыға комиссия мүшелері көмектесе алмады. Ал қалған екі сұрақты банктерге қайта қарастыруға жіберді. Айта кету қажет, жуырда қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгертулер енгізілді. Енді бұдан былай жобаға қатысушы банктердің саны 9-дан 19-ға артты.

Мұхтар Манкеев – облыс әкімінің орынбасары:

-Қарыз алушының кепілде тұрған жалғыз баспанасынан бөлек, тағы да бір жер телімі болса, ондай қарыздар қайта қаржыландыру мүмкіншілігін алып отыр. Сонымен қатар қарыз алушының кепілде тұрған жылжымайтын мүлігі тұрғын үйге жатпаса, ондай да қарыз алушылар қайта қаржыландыратын болады.

Жалпы қайта қаржыландыру бағдарламасына Ұлттық банк өз қазынасынан 130 млрд теңге бөлген екен. Бұл жоба үстіміздегі жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.

 

Риат Шони