Спорт

Теріскейлік спортшы тұғырдың жоғары сатысында

аусымның 20-сы мен 23-і аралығында Көкшетау қаласында мүмкінді шектеулі жандар арасында пауэрлифтингтен ел чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге өңір намысын қорғауға үш спортшымыз аттанған болатын. Олардың арасында 29 жастағы Александр Дасько да бар. Бірінші топтағы мүгедек 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде классикалық жатып сығымдап көтеру нұсқасы бойынша бақ сынап, олжалы оралған. Барлық қарсыласын артта қалдырып, алтыннан алқа тағыныпты.

Александр Дасько – пауэрлифтингтен ҚР екі дүркін чемпионы:

– Жарыста еліміздің барлық облысынан келген 100-ден астам спортшы қатысты. Мен өнер көрсеткен салмақ дәрежеде 7 жігіт болды. Үш мүмкіндікте 120, 125 және 130 келі болатын зілтемірді көтеріп, жеңімпаз атандым. Енді алдағы жоспарым нәтижемді жақсартып, еліміздің көк туын халықаралық жарыстарда көкте желбірету.

Риат Шони