МТРА жаңалықтары

«Халық маркасы» атты үлкен сауда-көрмеге 10 солтүстікқазақстандық серіктестік қатысады

Мәселен, нысанның 5-ші қабатында 5 мың шаршы метрге «Халық маркасы» белгісімен саудаланатын тауарлар жайғасқан. Оның ішінде солтүстікқазақстандық 10 кәсіпкердің өнімдері де бар. Мұнда келген әр серіктестікке павилионнан 100 шаршы метрге аумақ бөлінеді. Оны бизнесмендер 1 жыл бойы тегін пайдалануға құқылы.

Бауыржан Тлеуғалиев – «Халық маркасы» отандық тауар өндірушілер павильонының сату жөніндегі менеджері, Астана қаласы:

-«Халық маркасы» әр өңірден келген кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік береді. Осылайша, әр компания өз тұтынушысын табады. Біздің мақсатымыз, отандық өндірушілерді қолдау. Сол себепті біз мына базардан оларға 60 пен 100 шаршы метрге дейін жер береміз. Ал бастысы 2 жыл бойы олар «Халық маркасы» белгісін алады.

Павильон 4 аймаққа бөлінген. Жеңіл өнеркәсіп, қолөнершілер паркі, барлығы үй үшін және азық-түлік өнімдері. Оның әрқайсысында солтүстік өңірдің тауарлары қойылған. Мына жерде «Тигран» брендімен шығарылған, таза былғарыдан тігілген 40-қа жуық аяқ киімнің түрі жайғасқан. Бағасы тиімді, өнімнің өзі сапалы. Жәрмеңке-көрме салтанатты түрде ашылмаса да, мұндағы тауарларға тапсырыстар беріліп жатыр.

-«Артель» шеберханасының павильонында 50-ден астам тауар түрі жайғасқан. Аз уақыт ішінде бұл компанияның өнімдері елордалықтар арасында зор сұранысқа ие болды. Мәселен, мына орындықтың 30 данасы жақында Астанада жаңадан ашылатын демалыс орынына жөнелтілмек.

Өнімдерін таза ағаштан ғана жасайтын солтүстікқазақстандық бұл серіктестіктің тауарлары 200 шаршы метрді алып жатыр. Мұнда қойылған әр өнімнің сапасы жайлы компания менеджерлері жақсылап айтып береді. Райымбек Меркеш солардың бірі. Студент жазғы демалысын тиімді өткізу үшін жұмысқа орналасқан. Айта кеткен жөн, Райымбек солтүстік өңірдің тумасы. Өзі Бескөлде тұрады.

Райымбек Меркеш – «Халық маркасы» отандық тауар өндірушілер павильонының сату жөніндегі менеджері, Астана қаласы:

-Мен ЕҰУ-нің 2-ші курс студентімін. Жазда осында қалып, жұмысқа орналасқым келді. «Халық маркасы» компаниясына келгеніме қуаныштымын. Біз отандық тауарды қолдаумен айналысамыз. Қызығы мен өзімнің жерлесмтерімнің өнімдерін астаналықтарға осы жерде таныстырамын. Солтүстікқазақстандық тауарлар өте сапалы.

«Халық маркасы» павильонында барлығы 25 кеңесші жұмыс жасайды. Олар 100-ден астам кәсіпкердің өнімдерін халыққа таныстырады деп жоспарланған.

 

 

 

Айгерим Ержанова