Бүгін ауа райы қолайсыз. Далада жел соғып тұр. Сол себепті спортшылар жарыста жеңіл жүру үшін велосипедтерінің доңғалақтарын ауыстыру үстінде.
Роман Дрожинин – жарысқа қатысушы, Жамбыл облысы:
– Велосипедімнің артқы доңғалағын жеңіліне ауыстырдым. Мұның ерекшелігі аэродинамикасы жоғары. Желге қарсы жүргенде аса ауыр болмайды. Енда жарыста жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын.
Әне-міне дегенше жарыста басталып кетті. Бұл жекелей сындар. Спортшылар 20 шақырым жерді бағындырулары қажет. Облыстың ашық чемпионатына өңір аудандары мен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен 9 аймақтан да велошабандоздар келген.
Владимир Парахин – жарыстың бас төрешісі:
– Бүгін бізде Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың жүлдесі үшін өтіп жатқан облыстың ашық турнирінің соңғы күні. Яғни, бесінші этап. 4 күннің қорытындысы бойынша жекелей сында Петропавл қаласының спортшысы Никита Кобачек көш басында келеді. Ал жалпы командалық есепте Жамбыл ауданының өкілдері бірінші тұр.
Дәл қазір Петропавл қаласының өкілі Виталий Решетняк сөре сызығын асып, 20 шақырым қашықтықты бағындыруға аттанды. 6-шы нөмірлі жейде киген жеткіншектің велоспортпен айналысып жүргеніне 3 жылдан астам уақыт өтіпті. Мінекей, жарысты 35 минуттың ішінде аяқтап, мәре сызығын кесті.
Виталий Решетняк – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
– 20 шақырымдық жерді мен алғаш рет бағындырып тұрған жоқпын. Бұған дейін де көптеген жарыстардан өткенмін. Бүгін қиындау болды әрине. Себебі мәреге келерде жел алдан соқты. Бірақ, нәтижеме бапкерлерімнің көңілі толды.
Сонымен, 5 күн бойына жалғасқан велосайыс аяқталып, қорытынды шығаратын сәт те келіп жетті. Жекелей сында үздік үштікті теріскейлік Сергей Мальцев тұйықтады, ал күміс жүлдені командалық әріптесі Никита Кабачок иеленді. Жамбыл облысынан келген Роман Дрожинин болса жарыстың жеңімпазы атанды.
Никита Кабачок – жарыс жүлдегері:
– Мен бұл жарыста үздік 6 спортшының қатарынан көрінемін деп жоспарлағанмын. Міне, екінші орынды иеленіп отырмын. Оған қуаныштымын. Өзім велоспортмен 10 жыл бойы айналысып келемін.
Ал жалпыкомандалық есепте 5 күн ішінде оқ бойы оза шапқан жамбылдықтар тұғырдың жоғары сатысынан көрінді. Екінші орынды елордалық велошабандоздар иеленсе, жарыс қожайындары солтүстікқазақстандықтар үздік үштікті тұйықтады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сайыстың бас демеушісі “TECHNODOM” дүкенінің атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Максим Веремеенко – “TECHNODOM” дүкенінің супервайзері:
– Сайыста оза шауып, жүлдегер атанғандарға спорттық сағаттар мен фитнес трекерлерді сыйлаймыз. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың саны артып отырады. Ол қуантарлық жағдай.
Айта кету қажет, соңғы үш жыл көлемінде дәл осы “TECHNODOM” дүкені олимпиада чемпионы А.Винокуровтың жүлдесі үшін өтетін турнирдің бас демеушісі болып келеді.
Риат Шони