Білім

Айыртау ауданындағы «Родничок» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Балабақша тұрғызылғалы яғни, 37 жылдан бері мұнда күрделі жөндеу жүргізілмепті. Сондықтан болар биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында оны жөндеуге қыруар қаржы- 64 млн теңгеден аса қаражат бөлінген.

Сара Дүйсенбаева- «Родничок» балабақшасының меңгерушісі, Айыртау ауданы:

-Қазір нысанның барлық есік-терезелері алынып жатыр. Оларды біз пластикалыққа алмастырамыз. Қабырғалар сырылып тегістеледі. Тағы ғимараттың қасбеті қалыпқа келтіріледі. Мердігер компания ақмолалық «Қозыкөш» серіктестігі. Өзіміз күнде келіп жұмыстың сапасын қадағалап тұрамыз.

Ал нысанның екінші қабатында сылақшылар жұмыс істеп жатыр. Жалпы жөндеу шаруаларына 36 адам жұмылдырылған. Солардың 18-і жергілікті тұрғындар.

Мария Лакуста- әрлеуші:

-Мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастым. Бұл салада еңбек еткеніме 40 жыл болды. Бүгіндері біз қабырғаларды тегістеп жатырмыз. Қалған шаруаның барлығын есік, терезелерді орнатқасын жасаймыз.

Бүгіндері балабақшада 304 бүлдіршін білім мен тәрбие алады. Жаңа оқу жылын олар жөндеуден өткен, жаңа әрі әдемі нысанда қарсы алмақ.

 

Магжан Ахмадина