Без категории

Петропавлда “Туған өлкеме арнадым” атты көрме ашылды

Автор қабырға бойы ілінген картиналарын СҚО-ның 80-жылдық мерейтойына арнапты. Олардың әрқайсында қылқалам шебері теріскейдің тамаша табиғатын суреттеген. Мәселен, мына туынды “Тал түс” деп аталады. Есіл өзенінің жағасы бейнеленген еңбегін автор небәрі 2 күннің ішінде тындырған.

Вячеслав Смирнов – суретші:


–  Бұл картиналардың барлығы туған өлкеге деген махаббатпен салынды. Өйткені, біздің өңір өзен-көлдерге, ағаштарға өте бай. Тіпті, кей жерлерді аралап жүріп табиғаттың сұлулығына таң қаласың. Сондықтан, осындай кереметті қағазға түсірмесе болмайды. “Тал түс” атты еңбегім өзіме қатты ұнайды. Бұл картина – сәтті шыққан еңбектерімнің бірі.

Көрме залына 40-тан аса картина қойылған. Ақ қайыңдар өлкесіне арналған еңбектердің барлығы майлы бояумен салыныпты.

–  Вячеслав Смирновты қылқаламмен қағаз бетіне табиғатты тамаша бейнелейтін суретшілердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені, автортың туындыларының барлығы көздің жауын алады. Мәселен, мына картина “Сәтті аңшылық” деп аталған. Туындыда олжасын иығына асқан аңшы мен шаруа адамы салынған.

Бүгінгі шығармашылық кешке суретші Вячеслав Смирновтың жақындары мен достары жиылды. Көрмені тамашалауға келгендер картиналардың жоғары шеберлікпен бейнеленгенін айтады.

–  Көрмедегі картиналар өте тамаша. Маған барлық суреттер ұнады. Автор туындыларында біздің өңірдің табиғатын тамаша бейнелеген екен.

– Көремедегі суреттерге ерекше баға беруге болады. Мен Вячеслав Смирновты бұрыннан танимын. Өте дарынды суретші. Оған болашақта сәттілік тілеймін.

Петропавлда “Туған өлкеме арнадым” атты көрмені жаз бойы тамашалауға болады.

 

Култанов Байболат