Білім

СҚО ҰБТ бойынша орташа ұпай 79-ды құрады

Осы күндері олар комиссия мүшелеріне барып, апелляциялық шағым жасауда. Оның дені тарих пен математика пәндерінен.

Людмила Трифонова – апелляциялық комиссияның мүшесі:

– 3 күн ішінде бізге бірнеше түлек келді. Олардың өтініштерін қарап шықтық. Мәселен, оқушылардың дені орта ғасыр тарихына қатысты сұрақтарда ақсап жатты. Барлығы әр түрлі оқулықтармен дайындалған. Сондықтан, болар олардың дені осы тақырыпта келген сұрақтарда қателескен.

Бүгін СҚМУ-гі апелляциялық комиссия өз жұмысын аяқтады. Жалпы маусымның 3-інен бастап оларға 30-дан астам түлек келіп, сынақ сұрақтарына қатысты шағым түсірген.

Жансерік Қайрат – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ҰБТ өткізу пунктінің жетекшісі:

– СҚМУ қабырғасында 984 оқушы ҰБТ тапсырды. Оның 32-нен апелляциялық шағым келіп түсті. 10-ны Астанаға жіберіліп, 6 балаға 1 ұпайдан қосылды.

Мақсатқа жету, ешқашан берілмеу. Петропавлдық Владислав Левчуктің ұстанымы осы. Ол ҰБТ сұрақтарына жауап беріп, 115 ұпай жинаған. Десе де, неміс тілінен келген бір сауалға күдікпен қарапты. Өйткені, нұсқасында қос бірдей дұрыс жауап көрсетілген еді. Алайда, табандылық танытқан талапкер апелляциялық шағым түсіріп, сұрақтың дұрыс қойылмағандығын дәлелдеген. Енді оның толық баллы 116-ы құрады.

Владислав Левчук – «Бэст» гимназиясының түлегі:

 

– Енді алдағы уақытта Еуропаға оқуға түсемін. Нақтысы Германия еліндегі ЖОО-на құжаттарымды тапсырмақпын. Бұл елдің мәдениеті өзіме ұнайды. Тілін де жақсы меңгергенмін. Негізі ҰБТ-дан 116 балл жинадым. Неміс тілінен – 25, тарихтан – 19, қалған пәндерден 24 ұпайдан алдым.

Айта кету керек, биыл облысымызда алтын белгіге үміткер 125 оқушының 55-і өз білімін дәлелдеп сенімді ақтады. Ал 400-ден астам түлек шектік баллға қол жеткізе алмаған. Биыл біздің өңір бойынша орташа ұпай 79-ды құрады.

Айгерим Ержанова