Қайырымдылық

Бүлдіршіннің жүрегіне ота жасау үшін қаражат керек

Оның кез келген қимылы, әр қадамы – үлкен нәтиже. Бұл шаңырақтағылар бақыттың құнын біледі. Бір жарым жасқа келгенше сәби тек жылай беретін. Аяққа тұруды бір-екі ай бұрын ғана үйренді.

Ольга Овсянкина, Дарьяның анасы:

– Біздің жүрегімізбен табиғат ойнағысы келді ме білмеймін, баланың жүрегіндегі басты екі түтікше – ауысып кеткен. Қызымыз не тамақ ішпейді. Тіпті, ұйықтамайды. Есімізден адаса жаздадық. Кішкене жылайды да денесі көгере бастайды. Кішкентай саусақтары, еріндері көгеріп кетеді.

Мұның барлығы – жүрек кемістігінің салдары. Бөбек өмірге келген екінші күнінде-ақ алғашқы операцияны өткерген. Одан кейін бірінен соң бірі 5 бірдей ота жасалды. Оның екеуі ашық түрде жүргізілген. Екі рет кеудесін ашып, темір құралмен қабырғасын қатайтқан. Ал олар сынып кетпеуі үшін баланы еңбектеуге жібермеген. Қазір кішкентай жүрегінде үш жамау бар. Оның біреуі кез келген уақытта ашылып кетуі мүмкін.

Ольга Овсянкина, Дарьяның анасы:

– Қазір бізге баланың жүрегін қалыпқа келтіру керек. Аневризмасын алып тастап, өкпе артериясын сөгу керек. Берлинде оны кейін тағы да тарылып кетпейтіндей етіп кеңейтіп беруге уәде беріп отыр.

Қазақстанда мұндай отаны жасауға мүмкіндік жоқ. Германияда кейін ауыстырып отыруды қажет ететін протез салмай емдеуге уәде беріп отыр. Жүректі жөнге келтіріп, пластика түрінде жасайды. Ата-ана үшін бұл өте қымбатқа соқпақ. Баспаналарын сатқанның өзінде, тіпті керек қаражаттың жартысын да шығара алмайды екен.

Дмитрий Овсянкин, Дарьяның әкесі:


– Германияда операция жасату үшін өте үлкен сома керек. Бұл – 60 мың евроны құрап отыр. Өзімізге мұндай ақша жинау өте қиын, тіпті мүмкін емес десек те болады. Сондықтан, баланың өміріне бей-жай қарамайтын барлық адамдардан көмек қолын созуды өтінудеміз. Баламызды құтқаруға жәрдемдессе екен.

Әке-шешесі қазір балақайды мемлекеттік квотаға кезекке қойған. Бірақ, оның бөліну-бөлінбеуі тек үш айдан кейін ғана белгілі болмақ. Бұл шешім қабылданғанша Даша көгершіндерді тамақтандырып үйреніп жүр. Ал шырылдаған ата-ана перзенттерін аман алып қалудың жолын іздеуде. Олар 23 миллион теңге тапса ғана бала өмір сүруін жалғастырады.

Ольга Овсянкина, Дашаның анасы – ((8 747 489 37 98))

Дашаның анасы Ольга Овсянкинаның телефон нөмірі мен банк реквизиттері қазір экранда көрсетілген. Тиісті қаржыны осы есепшоттарға аударуға болады. Бөбекке жедел көмек керек. Қазір Дашаның отбасы сіз шалар қоңырауды күтуде. Қасиетті Рамазан айында көрсетілер көмектеріңізден үмітті.

Акбопе Танирберген