Спорт

Солтүстікқазақстандық зілтемірші Айдар Қазов ел чемпионатының қола жүлдегері

“Жастар” сарайында жалауын желбіреткен додаға Қазақстанның әр облысынан келген 200-ден астам спортшы қатысуда. Сондай-ақ, Олимпиада, Әлем, Азия және халықаралық турнирлердің жеңімпаздары да бақ сынасып жатыр. Олардың арасында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен жерлесіміз Айдар Қазовта бар. Солтүстікқазақстандық зілтемірші бұл сайыста олжаға кенелді. Жерлесіміз серпе көтеруде 160 келіні, ал жұлқа көтеруде 197 келіні бағындырып қола медальді еншіледі. Серпеде 159, жұлқада 200 келіні ырқына көндірген Кирилл Павлов екінші орынға тұрақтады. Ал 2015-ші жылғы әлем чемпионы Ниджат Рахимов қос жаттығудың қорытындысы бойынша 373 келі зілтемірді бойына асыра көтеріп, турнирдің жеңімпазы атанды. Жалпы ауыр атлетикадан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Нидің айтуынша ел чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар Рио Олимпиадасына бармақ. Қазақстан Ұлттық құрамасы сапынан жаһандық жарысқа 6 ер және 4 қыз қатысады деп жоспарланған.

 

Риат Шони