Денсаулық сақтау

Петропавлда медициналық қалашық өз жұмысын бастады

Татьяна Чердакова Қазақстан Конституциясы көшесі бойында өз жұмысымен кетіп бара жатып, халыққа қызмет көрсетіп тұрған дәрігерлерді аңғарған. Кейін өзі де қызығушылық танытып, мамандардан кеңес алуға келіпті. 60 жасқа таяп қалған зейнеткердің қан қысымы жоғары екендігі анықталды.

Татьяна Чердакова – қала тұрғыны:


–  Міне, жаңа ғана дәрігерлердің тексерісінен өттім. Қан қысымым жоғары. Қанттың мөлшері де 5,5.
Нормадан сәл жоғарылау екен. Енді бүгін-ертең емханаға барып, мамандарға қараламын.

Бұл жерде флюрография түсіру қызметінен өзге, нарколог, онколог сынды 10-нан астам маман жұмыс жасауда. Небәрі екі сағат ішінде олар 150-ге тарта адамды қабылдады.

Ольга Фурсова – «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС директорының орынбасары:

 

– Дәрігерге көрінуге немесе жай ғана қан қысымын өлшеу үшін тұрғындар емханаға аса бара бермейді. Сол себепті, біз осындай шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Бізді көріп тұрғындар өздері келіп жатыр. Мына шара адамдар үшін өте ыңғайлы. Мәселен, мамандар бүгін бірнеше адамға дәрігерлердің толық тексерісінен өтуге кеңес берді.

Жалпы Денсаулық фестивалі жылына бір рет ұйымдастырылады. Биыл ол маусымның 11-не дейін жалғаспақ.

Айгерим Ержанова