Спорт

Петропавлда балалар спорттық алаңы қолданысқа берілді

Мына көпфункционалды қорапшада асыр салып ойнағандардың бірі – Руслан Алаяков. Балақай бірнеше жылдан бері футболмен айналысады екен. Бұрын ойын баласы достарымен бірге басқа алаңда доп теуіпті. Енді, алысқа бармай өз үйімнің маңында ойнаймын дейді.

Руслан Алаяков:

-Спорт алаңының ашылғанына қуаныштымын. Өзім футбол ойнағанды жақсы көрем. Енді күнде көрші балалармен осында келетін боламыз.

Спорт алаңының ұзындығы – 40, ал ені – 20 метр. Қорапша ішіне жасанды шөп төселген.

-Мына жаңа балалар спорттық алаңы көпфункционалды болып саналады. Мұнда балғындар жазда баскетбол, сондай-ақ футбол ойнай алады. Ал, осы жерде қыста хоккей ойнауға мүмкіндік бар.

Жалпы, қаламызда соңғы екі жыл ішінде 29 спорт алаңы тұрғызылып, 6-уы қайтадан жөнделіпті. Жыл соңына дейін тағы дәл осындай 3 көпфункционалды қорапша қолданысқа берілмек.

 

 

Култанов Байболат