№4 орта мектептің жанындағы жазғы сауықтыру лагеріне бірінші кезеңге 139 бала жазылыпты. Оның 14-і аз қамтылған отбасынан шыққан. 5 жасаққа бөлінген демалушылармен мұнда 20-дан астам педагог жұмыс жасайды.
Ғафура Бөстекова – №4 орта мектеп директоры:
-Сауықтыру лагерінің жұмысы таңғы сағат 8:30-дан кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Оның ішінде балаларға 3 мезгіл тамақ қарастырылған. Жазғы алаңда балаларға арналған бірнеше үйірме жұмыс жасайды. Осылайша, біз ата-аналарға тиімді жағдай жасап отырмыз.
Сондай-ақ, мұндағы бүлдіршіндер қазақ және ағылшын тілдерін де меңгереді. Бірақ, ұсаздар пәнді ойын ретінде, яғни жеңіл тәсілмен жүргізбек.
Анастасия Чигудаева – №4 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
-Мен ағылшын тілін тек ойын формасында өткіземін. Яғни, балалардың қызығушылығын оятуымыз керек. Олар үйреншікті сабақ әдісінен жалығып кетеді. Сол себепті біз жерде отырып сабақ оқитын боламыз. Балақайлар өздерін еркін сезінулері керек. Осылайша олар ағылшын тілін тез үйреніп кетеді.
Лагердің бірінші күні ғана болса да балақайлар жаңа дос тауып, уақыттарын көңілді өткізуде. Тіпті, араларында бірнеше жыл қатарынан осы алаңда демалатындар да кездесті.
Алтынбек Жандильдин – №4 орта мектептің 3-сынып оқушысы:
-Маған жазғы алаң өте ұнайды. Жаңа достар табасың. Уақыт өте қызықты өтеді. Барлығымыз бірге жаттығулар жасаймыз. Биылғы демалысым да жақсы өтетініне сенімдімін.
Ағымдағы жылы қаланың 35 мектебінде жазғы сауықтыру лагері жұмыс жасамақ. Осылайша, бір ай ішінде 4 мыңнан астам кішкентай петропавлдықтың демалысын тиімді өткізу жоспарланған.
Айгерим Ержанова