МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды мерекемен құттықтады

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Биыл 3774 түлек болашақ өмірге жолдама алды. Олардың алдында емтихан тапсыру, ұлттық біріңғай тестілеуден өту сияқты жауапты міндеттер тұр. Сендерге алдағы сындардан мүдірмей өтулеріңе тілектеспін.

Галина Калашникова – облыстық жетім және мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының биылғы түлегі. Қазақ тілін еркін меңгерген түлек, мемлекеттік тіл бойынша өткізілетін облыстық және республикалық олимпиадаларда топ жарып жүр.

Галина Калашникова – Облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат түлегі:

-Мен маңызды сынақтарды тапсырғасын Петропавлдағы колледждердің біріне оқуға түскім келеді. Болашақта құтқарушы болғым келеді.

Ал Илья Белов болса, 6 жылдан бері түрлі тақырыпта қалам тербеп, шағын өлең шумақтарын жазады екен. Ол болашақта қаламы қарымды журналист болуды мақсат етеді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Соңғы кездері журналист мамандығын меңгергісі келетін түлектердің қатары көбейіп келеді. Сондай жастың бірі өзің екенсің! Әрине, бұл кәсіпті меңгеру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан, саған қалаған мамандығыңа ойдағыдай оқып, өңіріміздегі телеарналардың біріне жұмысқа тұруыңа тілектеспін.

Мерекелік басқосуда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды назарсыз қалдырмай, ұдайы қолдау білдіріп отыратын демеушілер де сөз алды. Мысалға, Айыртау ауданындағы “Алиби Кутузовское” серіктестігі жылда орта-арнаулы және жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген жеткіншектердің өндірістік іс-тәжірибеден өтулеріне қолайлы жағдай жасап келеді.

Амантай Бекенов – “Алиби Кутузовское” ЖШС бас инженері, Айыртау ауданы:

-Біздің кәсіпорнымыз осындай балалардың өмірде өз жолын табуларына қол ұшын созып келеді. Мектеп-интернат түлектері біздің серіктестікте жылда өндірістік тәжірибеден өтіп жүреді.

Кейін өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов залға жиналған мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне ақшалай сыйақы табыстап, соңында барлығы естелікке суретке түсті. Жалпы биыл өңірде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 30 түлектің барлығы талапкер үшін маңызды сынақ ҰБТ тапсыратын болады.

 

 

Бакыт Садуакасов