МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық құтқарушылар донор болып, қан тапсырды

Солардың бірі – Болатжан Асқарбеков. Ол осылай 7 жыл қатарынан қан тапсырып келеді екен. Тіпті, бүгінде ер-азамат қан орталығының тұрақты донорларының тізімінде тұр.

Болатжан Асқарбеков – Петропавл қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

-Мұндай шара мен үшін үйреншікті. Өйткені, мен үнемі өтеусіз қан тапсырамын. Кейде қан компоненттерімен плазманы, тромбоциттерді де алады. Бұл игі іс қой. Құтқарушылар мұндай шараға үнемі үлестерін қосып тұрады.

«Қан тапсыр – өмір сыйла!» деп аталатын акцияға аталмыш сала мамандары үнемі қатысады. Олар жыл сайын жүзеге асатын игі шараны жұмыла атқарады. Өйткені, әрбір азамат өзгенің өмірін сақтап қалуға өзіндік үлес қосу керек деп есептейді.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

-Қан орталығына мен жылына бір рет келемін. Енді 4 ай өткен соң тағы да донор боламын. Менің қаным бір адамның өмірін болсын сақтап қалуға көмектеседі деген сенімдемін.

Донор жәрдемінің жетіспеуі – қазір Қазақстандағы көкейкесті мәселелердің бірі. Шет мемлекеттерде 1000 адамға 40-60 донор қан берсе, елімізде бұл іске тек 18 азамат қана атсалысады екен.

Сәуле Оразова – «Қызыл ай» қоғамы СҚОФ директоры:

-Бүгін елімізде қан қажеттілігінің тек 40 пайызы ғана қанағаттандырылады. Яғни, 750 мың донор керек болса, оның бізде 270 мыңы ғана бар. Сондықтан, біз осындай акциялар арқылы адамдарды қан тапсыруға шақырамыз. Осылайша, қан орталықтарының қорын толтыруға септесеміз.

Күніне облыстық қан орталығына орта есеппен 20-30 адам келіп донор атанады екен.

 

Айгерим Ержанова