Спорт

Петропавлда жеткіншектер арасында көркем гимнастикадан сайыс өтті

Денис Виноградов – “СҚО көркем гимнастика федерациясы” ҚБ президенті:

-Қала біріншілігімен қатар біздің федерациямыздың жүлдесі үшін “Жазғы кубок” сайысы өтуде. Турнир 11 критерий бойынша ұйымдастырылуда. Оған 44 спортшы қатысады. Олар жас ерекшеліктері бойынша түрлі спорттық снарядтарды пайдаланады.

Қыздар ең әуелі жеке дара өнер көрсетті. Бұл сында 8 жастағы Жұлдыз Ибраева сақинамен түрлі қиын тапсырмаларды орындады. Бұл спортқа жеткіншек 4 жыл бұрын ден қойыпты. Жұлдыз Ибраеваның әуселесін көрген төрешілер жоғары ұпайларды аяған жоқ. Нәтижесінде 31,15 бал жинаған қыз алтыннан алқа тағынды.

Жұлдыз Ибраева – жарыс жеңімпазы:

-Элементтерді таза орындадым. Ешқандай қиындық болған жоқ.

Сонымен кезек, топтарға да келіп жетті.

Бұл – “Пингвины” командасы. Көркем гимнастикада топ болып ауыр элементтерді орындау қиын. Барлығын синхронды түрде жасау қажет. Дегенмен де қыздар бұл сыннан сүрінген жоқ. Олар жарыстың жеңімпаздары атанды.

Дильназ Садықова – “Пингвины” командасының мүшесі:

-Топтағы әріптес қызды көтеру қиын болды. Ол аяғын дұрыс созған жоқ. Қалғанын таза орындадық.

Сайыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және түрлі сертификаттармен марапатталды.

 

 

Риат Шони